Жеңістің 80 жылдығы: Астанада халықаралық сурет көрмесі ашылды

11 сәуір, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Жеңістің 80 жылдығы: Астанада халықаралық сурет көрмесі ашылды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Жеңістің 80 жылдығына орай Астанадағы ҚР Қарулы күштерінің әскери-тарихи музейінде «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты халықаралық сурет көрмесі ашылды. Көрмеге Қазақстан, Қырғызстан, Ресей елдерінің майталман суретшілерінің 100-ге жуық туындысы қойылған, деп хабарлады Elordainfo.kz.

ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Әскери-тарихи музейі, Қазақстан Суретшілер одағы мен Қазақстан Сурет академиясы, «Отанға сыйлық» жобасы және «Соғыс балалары» одағы бірлесе ұйымдастырған көрме келешекте Қазақстанның көптеген қаласында жалғасын табатын үлкен жобаның тұсаукесері болды.

«Көрмеге қойылған картиналарды Қазақстан Суретшілер одағы мен Қазақстан Сурет академиясы жинақтаған. Біз музей тарапынан 15 картина қойдық. Негізгі мақсат – соғыстағы батырлар есімін ұлықтау, өнер арқылы жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру, музей ісін дамыту. Бұл көрме бір айға жуық уақыт тұрады, келем деушілерге есігіміз ашық, кіру тегін», – дейді ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Әскери-тарихи музейінің бастығы Дәулет Қадыров.

Көрмеге қатысқаны үшін суретшілер мен бірқатар ұйымдастырушылар арнайы сертификаттармен марапатталды.

«Туындыларға тек соғыс, ұрыс даласындағы шайқас қана емес, оған дейінгі және одан кейінгі ауыр жылдар, майданнан баласын күткен ана, ауылдағы жағдай, тылдағы еңбек, жандану сияқты абстрактылы тақырыптар арқау болған. Бұл соғыстың бүгінгі әрбір қазақстандыққа қатысы бар, көбіміздің аталарымыз, туыстарымыз осы соғыстан оралмай қалды, жаралы, мүгедек болып келді. Сондықтан Жеңістің бүгінгі мерейтойы қарсаңында өткізіліп жатқан халықаралық деңгейдегі көрменің мән-мағынасы зор», – дейді Астана қаласы «Суретшілер одағы» ҚБ басқарма төрағасы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Көркем Академия академигі, суретші-кескіндемеші Өмірәлі Исмаилов.

Жиын барысында келген қонақтарға елорданың мәдениет саласы қызметкерлерінің әскери-патриоттық тақырыптағы әндері де тарту етілді.