Мәдіғали Қарсыбеков: Шорт-тректің даму тұрғысынан Астананың бәсі жоғары

9 желтоқсан, 2024
Қанат Байұзақов Қанат Байұзақов
Мәдіғали Қарсыбеков: Шорт-тректің даму тұрғысынан Астананың бәсі жоғары
фото: Мәдіғали Қарсыбековтың жеке мұрағатынан

Шорт-тректен 2011-2017 жылдары дүниеге келген спортшылар арасында «Алау» мұз сарайы айдынында Astana Open ашық чемпионаты өтіп жатыр. Жарыс барысында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, шорт-тректен Астана қаласының аға бапкері Мәдіғали Қарсыбеков Elordainfo.kz сайты тілшісіне аталған спорт түрінің дамуына қатысты ойын айтты.   

– Сізді ұлттық құраманың жоғарғы жетістігіне өлшеусіз үлес қосқан маман ретінде білеміз. 2011-2017 жылдары дүниеге келген спортшылардың арасында да болашақ жұлдыздарды байқауға бола ма?

– Жасы кіші балалар конькиді дұрыс тебе алмаса да, мінездері көрінеді. Мысалы, Абзал Әжіғалиевті алғаш рет мұз айдынына шыққанда, жылдамдық жағынан ерекшелігі болмады. Бірақ мұзда өзін еркін ұстауы, техникасы бар екенін аңғардым. Қазір Оңтүстік Кореяның бапкерлері Абзалды техникалық жағынан шебер әлемнің ТОП-10 спортшының қатарына қосады.

фото: ҚР ҰОК, Владислав Семенов

–Еліміздегі шорт-тректің қазіргі даму қарқынын қалай бағалайсыз? 

–Шорт-тректе Абзал Әжіғалиев, Нұрберген Жұмағазиев сынды жерлестеріміз халықаралық жарыстарда орын алған соң, шорт-трек елімізде танымал бола бастады. Соның арқасында қазақ балалары да осы спорт түрінде жетістікке жететініне сенді. Бүгін «Алау» мұз айдыны сарайында 2011-2017 жылдары дүниеге келген балалардың арасындағы Astana Open бәсекесіне 8 өңірден 211 спортшының келгені көңілді қуантады. Ерлеріміз әлемдік жарыстарда биіктен көрініп келсе, өткен демалыста аруларымыз Бейжіңде өткен World Tour кезеңінде әйелдер эстафета сайысында тұңғыш рет жүлде еншіледі. Жылдың басында Полина Омельчук IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында медаль жеңіп алды. Осы жетістіктер алдағы уақытта да жалғасып, мықты резервтің қалыптасатынына сенемін.

–Қазақстанның өңірлерінде осы спорт түрі қалай дамып жатыр?

–Қазіргі сәтте шорт-трек республикамыздың 11 қаласында дамып жатыр. Канадалық бапкермен әңгімелескен кезде, әріптесім бұл жайтқа таңғалды. Өздеріңіз білетіндей 10 жылдай бұрын 4 жігітті ғана әр жарысқа сүйресек, қазір талабы бар, бәсекелесе алатын жастар өсіп келеді. 2025 жылы Харбинде өтетін 9-шы қысқы Азия ойындарына үздік көрсеткіш көрсеткен 5 азаматымыз қатысады. Бәсекелестік бар жерде нәтиже де болады. Әйелдер құрамасында да Ольга Тихонова мен Яна Ханнан бөлек, Малика Ермек, Алина Ажғалиева, Зейнеп Құмарқан және т.б жас спортшылар келіп жатыр. Ал шорт-тректің даму тұрғысынан Астана қаласының бәсі жоғары. Көптеген спортшылары (ересектер - 3 спортшы, жасөспірімдер - 30 спортшы) ұлттық құрамаға кірген.

фото: ҚР ҰОК, Владислав Семенов

–Шорт-тректегі көрсеткіштеріңіз жоғары болса да, шешілмеген мәселелер бар шығар? 

–Қысқы Олимпиададағы көрсеткішке зер салсаңыз, шорт-тректің нәтижесі шайбалы хоккейден әлдеқайда жоғары. Алайда еліміздегі көптеген мұз айдындарында хоккейдегі спортшылар жаттығады. Уақыт жағы қолайсыз. Астана қаласының өзінде тек қана «Алау» мұз айдыны ғана бар. Қызылорда, Көкшетау қалаларында мұз айдынды ашылып, жаттығуға мүмкіндік жасалды. Өскеменде бұрыннан бар. Ал Алматыда мұз айдыны көп болғанымен, шорт-трекке уақыт аз беріледі.

–Биылғы маусымды қалай бағалайсыз?

–2024 жылдың басты жетістігі - Денис Никишаның Әлем чемпионатында тарихи күміс медаль жеңіп алуы. Өздеріңіз білетіндей, Әлем чемпионатының деңгейі тек қысқы Олимпиададан ғана төмен. Бұған дейін тек Әлем кубогі кезеңдерінде ғана орын алатын едік. Енді келесі меже бағынды. Сондай-ақ, жасөспірімдердің қысқы Олимпиада ойындарында Полина Омельчуктің қола жүлдегер атанғанын да атап өтпеске болмас.

–Алдағы жылдағы жоспарларыңызға тоқтала кетсеңіз?

–2025 жылы да жоспарымыз үлкен. 7-14 ақпан күндері Харбиндегі қысқы Азия ойындарында жүлдеге таласамыз. Кейінгі өткен екі қысқы Азия ойындарында қола жүлде еншіледік. Азия құрлығының мемлекеттері әлемде көшбасшылардың қатарына кіретіндіктен, оңай болмайды. Сосын наурыз айында Бейжіңде Әлем чемпионаты өтеді. Ал күзде қысқы Олимпиада ойындарына лицензиялық ұпай берілетін Әлем кубогінің төрт кезеңі ұйымдастырылады.