Астанада Мұқағалидың шығармашылығына арналған музыкалық-поэзиялық кеш өтті

Астанада Мұқағалидың шығармашылығына арналған музыкалық-поэзиялық кеш өтті
Фото: «Қазақконцерт» ұйымынан

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Қазағым-ай» атты музыкалық-поэзиялық кеш өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

«Қазақконцерт» ұжымы жыл сайын ақынның шығармашылығын атап өтеді. Бұл біздің ақынның алдындағы борышымыз деп білеміз. Ақынның өлеңіне өрілген әндер өте көп. Бүгінгі кеште сирек орындалатын әндерге баса назар аудардық. Тағы бір ерекшелігі – ақынның өлеңдері поэзия ретінде оқылып, одан кейін ән ретінде ұсынып отырдық. Осы арқылы өнерсүйер қауымды әннен бөлек, өлеңнің мазмұнына мән беруін қаладық. Яғни, ақынның өлеңге деген көзқарасын көрсеттік», - деді өнер ұжымының көркемдік жетекшісі Ерлан Рысқали.

Концерттік бағдарламада көрермендер «Қазақконцерт» әртістері мен шығармашылық ұжымдарының өнерін тамашалай алды. Кеш шымылдығы ақынның таспаға жазылып алынған өз дауысы тыңдалып, «Пай-пай өмір» өлеңімен ашылды. Одан бөлек ақынның өлеңдеріне жазылған елімізге танымал Еркеғали Рахмадиев, Нұрғиса Тілендиев, Төлеген Мұхамеджанов, Дәнеш Рақышев, Болат Есмұханов, Әбиірбек Тінәлиев сынды танымал композиторлардың әндері шырқалды.

Атап айтқанда, «Айтатын саған сырым бұл», «Отан», «Есіңе мені алғайсың», «Сәби болғым келеді», «Кел еркем Алатауыңа», «Күрең күз», «Саған қарай барады ұшып», «Жарығым-ай» және т.б. халыққа таныс әндер орындалып, лирикалық өлеңдерінен поэзиялық шығармалар оқылды.

Кеш соңы ақынның «Қазағым-ай» өлеңіне жазылған танымал композитор Тұрсынғазы Рақымовтың әнімен жабылды.

Іс-шарада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жеңіс Ысқақова, Медет Салықов, Клара Төленбаева, Азамат Жылтыркөзов, Нұрболат Арзамасұлы, Гүлсім Мырзабекова, Мәдениет қайраткерлері Толғанбай Сембаев, Ерболат Шалдыбеков, «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Қапонова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Әлібек Әлмадиев, Асқар Мұқият, Азат Мәлік, Аяулым Қамажан, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Алтыншаш Мұқатаева, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Біржан Айтахмет, Сұлтан Ахмет, Ербол Тәжібаев, Айдос Саниязбек, Амин ИбраҺим, Анна Уварова және «Бірлік» би ансамблі өнер көрсетті.