АИТВ инфекциясын жұқтыру қаупі бар топтар

17 наурыз, 2025
elordaaqparat elordaaqparat
АИТВ инфекциясын жұқтыру қаупі бар топтар
Фото: freepik.com

АИТВ инфекциясы - адамның иммун тапшылығы вирусынан туындаған созылмалы ауру, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Инфекция берілетін тәуекелі жоғары халық топтарына:

  • Инъекциялық есірткі қолданатын адамдар;
  • Коммерциялық жыныстық қатынас жұмыскерлері;
  • Бірнеше серіктеспен жыныстық қатынасқа түсетін адамдар;
  • Жеке қорғаныс құралдарынсыз (мүшеқаптар) жыныстық қатынасқа түсетін адамдар;
  • Ерлермен жыныстық қатынасқа түсетіндер;
  • Жыныстық жолмен берілетін аурулардан зардап шегетін адамдар;
  • Инфекция жұқтырған анадан туған бала жатады.

Кәсіби қызметтегі тәуекел топтары

АИТВ инфекциясын жұқтыру қаупі жоғары мамандық иелері де бар.

Денсаулық сақтау мекемелерінің мамандары осы санаттағы негізгі тәуекел тобына жатады. Инфекция, әдетте, сақтық шаралары сақталмаған жағдайда жұғуы мүмкін.

Бұл топқа инвазивті процедураларды жүргізетін медицина мамандары (хирургтар, процедуралық медбикелер және т.б.), сондай-ақ  осы топқа қан алу мен тексеруді жүзеге асыратын медициналық персонал мен стоматологтар кіреді.

АИТВ инфекциясын жұқтыру қаупі жоғары кәсіби сипаттағы төтенше жағдайлар:

  • инфекцияланған қан немесе пациенттің басқа дене сұйықтықтары қалуы мүмкін құралмен теріні кесу немесе шаншу;
  • құрамында науқастың қаны бар басқа дене сұйықтығының (құсу, көрінетін қаны бар сілекей) медицина қызметкері терісінің ашық жерлеріне, шырышты қабаттарына түсуі.

Кәсіби қызметпен байланысты инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары топтардың бірі - сұлулық салондарының жұмыскерлері, косметологтар, маникюр жасаушылар, татуировка салушылар.

Инфекция жұқтырған адамның бір тамшы қаны осы кәсіптегі жұмыскерлердің құралдары арқылы, олардың денесіндегі жара арқылы жұғуы мүмкін.

Үшінші тәуекел тобы - құқық қорғау органдары мен қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері. Қылмыскерді ұстау кезінде полиция қызметкерлері ұсталушының агрессивті мінез-құлқына байланысты жұқтыру қаупіне ұшырайды.

Осындай жағдайда егер қылмыскер АИТВ инфекциясын жұқтырған болса, төбелесті бастап қызметкердің денесіне жарақат салса, тістеп алса, инфекция қызметкерге жұғуы мүмкін.

АИТВ-ны жұқтыру жолдары

Вирустың ағзаға енуінің негізгі жолы - қан. Сондай-ақ вирус ер адамның шәуетінде де кездеседі.

АИТВ инфекциясын мына жағдайларда:

  • АИТВ жұқтырған адаммен жыныстық қатынас кезінде;
  • Мүшеқапсыз жыныстық қатынасқа түскен кезде;
  • Жыныстық жолмен берілетін аурулар жұқтыру;
  • Гомосексуалды байланыс кезінде;
  • Анальды жыныстық қатынас кезінде;
  • Инфекцияланған қанды құю кезінде (жасанды ұрықтандыру, тері мен мүшелерді трансплантациялау арқылы жұқтыру мүмкін);
  • Инфекцияны жұқтырған адамның инесін, шприцін қолданған кезде;
  • Балаға инфекция жұқтырған анадан берілу (жүктілік кезінде, босану кезінде, емізу кезінде);
  • Зақымдалған тері жабындысы (жарақаттар, терісі сыдырылған жер, қызыл иектің зақымдалуы) болған жағдайда АИТВ инфекциясының берілу ықтималдығы бар кезде;
  • Стерильді емес манипуляциялар (татуировкалар, пирсинг, маникюр, педикюр) кезінде;
  • Санитарлық-гигиеналық ережелерді сақтамаған кезде АИТВ инфекциясымен ауыратын науқастардың қанымен немесе басқа да сұйықтықтары арқылы науқастан медициналық персоналға инфекцияның жұғу қаупі арта түседі.

АИТВ-ның алдын алу

  • Кездейсоқ жыныстық қатынастың алдын алу, тосқауыл әдістерін (қорғаныс құралдары - мүшеқаптар) қолдану;
  • Тұрақты жыныстық серіктеспен жыныстық қатынас жасау;
  • Екі серіктестің де АИТВ-ға тұрақты тексерілуі;
  • Есірткіні қолданудан бас тарту, тек бір рет қолданылатын шприцтер мен инелерді пайдалану;
  • Кәсіби бейіні бойынша тәуекел топтарының алдын алу;
  • АИТВ инфекциясын диагностикалау;
  • АИТВ инфекциясын емдеу.

Астана қаласы, І.Есенберлин көшесі, 5/1 мекенжайы бойынша «АИТВ-инфекциясының алдын алу» ҚО-да АИТВ-ға тестілеуден өтуге болады.

Қосымша ақпаратты немесе өзіңізді қызықтырған сұрақтарға жауапты 38-04-64, 38-07-02 сенім телефоны арқылы, сондай-ақ Астана қаласының АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының www.kazaids.kz ресми сайтынан алуға болады.

Астана қаласы әкімдігінің

«АИТВ инфекциясының

алдын алу орталығы» МКҚК

дәрігер-эпидемиологы Б.Р. Жакупова