00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Президент әлеуметтік кәсіпкерлердің Еуразия құрылтайына қатысушыларды құттықтады

15 қараша, 2024
Олжас Сүлейменов Олжас Сүлейменов
Президент әлеуметтік кәсіпкерлердің Еуразия құрылтайына қатысушыларды құттықтады
Фото: parlam.kz

Бүгін Астанада әлеуметтік кәсіпкерлердің Еуразия құрылтайы өтті. Оған аталған бағыттағы әлемдік көшбасшылар, ESG саласындағы жетекші сарапшылар, қоғамдық және халықаралық ұйымдар мен қайырымдылық қорлардың өкілдері қатысты, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Іс-шара барысында Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды.

Мемлекет басшысының құттықтауында әлеуметтік кәсіпкерлердің Еуразия құрылтайы белсенді, азаматтық ұстанымы айқын, қоғамда игі құндылықтардың орнығуына атсалысып жүрген кәсіпкерлер, сарапшылар және көшбасшылар бас қосатын бірегей диалог алаңы екені айтылған.

«Әлеуметтік кәсіпкерлік әлем экономикасының маңызды қыры саналады. Осы бағыттағы бастамалар инклюзивті орта қалыптастыру және мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрмыс сапасын жақсарту ісінде ерекше рөл атқарады. Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлікке айрықша мән беріледі, оған жан-жақты қолдау көрсетіледі. Соның арқасында бизнестің жасампаздық пен жанашырлыққа негізделген осы түрі елімізде қарқынды дамып келеді. Бұл саланың өкілдері түрлі мәселенің түйінін тарқататын инновациялық тәсілдер ұсынып жүр. Бүгінгі басқосуда да салмақты ойлар мен салиқалы пікірлер айтылады деп сенемін. Форум Еуразия халықтары арасындағы серіктестікті нығайтуға серпін беріп, өзара ықпалдастықты арттыра түсері сөзсіз», – делінген Президенттің құттықтау хатында.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде қазір әлемде уақыт өткен сайын әлеуметтік кәсіпкерлікке сұраныс артып келе жатқанын атап өтті. Әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бизнес инвесторлар, мемлекеттік құрылымдар және жалпы қоғам тарапынан көбірек қолдауға ие.

Бұл ретте Қазақстан да бизнестің аталған санатын орнықты дамудың ұлттық стратегиясының бір бөлігі ретінде мақсатты әрі жүйелі негізде қолдап, өркендетіп келеді. Сенат төрағасы Мемлекет басшысының бастамасымен осы бағытта нақты шаралар қабылданғанын және әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау жөнінде заңнамалық өзгерістер енгізілгенін атап өтті. Нәтижесінде былтырдан бастап әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне тіркелген компаниялардың саны айтарлықтай артқан.

«Әлеуметтік кәсіпкерлер өзекті қоғамдық мәселелерді шешу жолында мемлекеттің маңызды серіктестері екенін атап өткен жөн. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен «Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы» заң әзірленіп, қабылданды. Сондай-ақ Әлеуметтік кодекске тиісті өзгерістер енгізілді. Бұл алғаш рет әлеуметтік кәсіпкерлер қызметінің құқықтық мәртебесін анықтауға және оған қажетті құқықтық негіз қалыптастыруға жол ашты. Осыған байланысты әлеуметтік кәсіпкерлер мемлекет тарапынан қаржылық, инфрақұрылымдық және консультациялық қолдау алу мүмкіндігіне ие болды», – деді Палата спикері.

Құрылтай барысында ауылдарда әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөнінде ұсыныстар, сапалы білім мен денсаулық сақтауға қолжетімділікті арттыруға қатысты бірлескен жобалар бойынша тың бастамалар және саланы одан әрі жетілдіруге арналған ұтымды пікірлер айтылды. Іс-шарада Әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының президенті Эмин Аскеров, Ұлттық экономика министрлігінің, Астана қаласы әкімдігінің және Еуразиялық топ басшылығының өкілдері, сондай-ақ, Ресейден, Тәжікстаннан, Өзбекстаннан және халықаралық ұйымдардан келген қатысушылар сөз сөйледі.

Айта кетейік, Еуразиялық құрылтай аясында әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған түрлі форматтағы іс-шаралар, оның ішінде тақырыптық тренингтер, көрмелер мен жәрмеңкелер өткізу жоспарланған.