Елордада қыс басталғалы 6,8 млн текше метрден астам қар шығарылды


Астанада бірнеше күннен бері қар жауып тұр. Жолдар, тротуарлар мен алаңдар үздіксіз режимде қар мен мұздан тазартылады. Қаланың коммуналдық қызметтері тәулік бойы жұмыс істейді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
6 наурызда күндізгі ауысымда елордада қар тазалау жұмысына 2 500-ден астам жол жұмысшысы мен 1 385 арнайы техника жұмылдырылды.
6 наурызға қараған түні коммуналдық қызметтер қаладан 20 317 текше метр қарды 1 499 ауыр рейспен алып шықты.
Қыс мезгілінің басталғалы полигондарға 6,8 млн текше метрден астам қар 548 590 ауыр жүк рейсімен шығарылды.
Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, онда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.
«Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарларға шықпауды сұраймыз.
Төтенше жағдай туындаған кезде «112» нөміріне хабарласыңыз», - делінген хабарламада.