“Сапта сымбатты – ұрыста айбатты”: Астанада ерекше сайыс өтті

28 сәуір, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
“Сапта сымбатты – ұрыста айбатты”: Астанада ерекше сайыс өтті
Фото: ұйымдастырушылардан

Астанада мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында “Сапта сымбатты – ұрыста айбатты” байқауы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Астана қаласында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай білім беру ұйымдарының 8-11 сынып оқушылары және колледждердің 1-2 курс студенттері арасында “Сапта сымбатты – ұрыста айбатты” атты сап және ән байқауы ұйымдастырылды.

Байқаудың мақсаты – жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді, әскери тәртіп пен ұйымшылдықты қалыптастыру, сондай-ақ Отан алдындағы жауапкершілікті ұғындыру. Қатысушылар саптық дайындық деңгейін, біркелкі қозғалысты, пәрмендерді орындау шеберлігін және әскери-патриоттық әндерді орындау дағдыларын көрсетті.

Әділқазылар алқасы командалардың саптық жүрісін, пәрмендерді дұрыс орындауын, сыртқы келбетін, сондай-ақ ән айту шеберлігін бағалады. Байқау барысында оқушылар мен студенттер өздерінің дайындығы мен үйлесімділігін, рухын айқын көрсете білді.

Шара соңында үздік шыққан командалар марапатталып, алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Байқау жас ұрпақтың бойына патриоттық рух пен жеңімпаздық жігерін сіңіретін тағылымды іс-шараға айналды.