Астанада шетелден көшіп келген жанұяларға көмек көрсетілді

9 наурыз, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Астанада шетелден көшіп келген жанұяларға көмек көрсетілді
Фото: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Астана қ. филиалынан

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Астана қалалық филиалы қасиетті Ораза айының құрметіне шетелден көшіп келген қандастарға арнап қайырымдылық шарасын ұйымдастырады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс-шара аясында кәсіпкер азаматтардың демеушілік жасауымен жаңадан көшіп келген, тұрмысында қиыншылығы бар, көпбалалы және көмекке мұқтаж 20 шақты отбасыға ұн, күріш, жұмыртқа, сұйық май, картоп сынды өнімдері бар азық-түлік себеттері таратылды. 

"Қандастарға қолдау көрсету – баршамыздың ортақ міндетіміз. Көшіп келген ағайындарға қолдау көрсету, Рамазан айында жасалатын қайырымдылық кезінде де ағайындарға мейір бағыштау және оларға еліміздің, халқымыздың мейірін сезіндірудің де мәні зор деп ойлаймын", - деді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Астана қаласы филиалының басшысы Ғалым Үлкенбайұлы.


1991 жылдан бері Қазақстанға 1 млн 128 мыңнан аса этникалық қазақ оралды. Мемлекет тарапынан оларды қолдау мақсатында түрлі бағдарламалар іске асырылып, бейімделуге жағдай жасалып келеді. Былтыр 21 мыңнан аса этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Көшіп келгендердің тең жартысы Өзбекстаннан келген. Қалғаны - Қытай, Моңғолия, Түрікменстан, Ресей және басқа да мемлекеттен қоныс аударғандар.

Қалиакбар Үсемханұлы