«МӘМС-ке ақша төлеу қаншалықты әділетті»: Ринат Зайытов денсаулық сақтау саласындағы бірқатар проблемаға тоқталды


ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заң жобасының таныстырылымында мәжіліс депутаты Ринат Зайытов денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді көтерді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Бізде аудандық ауруханалардың жағдайын білесіздер. Адамды қалпына келтіруден гөрі, өлтіргені көп. Облыстық аурухналарда маман жетіспейді. Мысалы, Абай облысында облыстық аурухана жоқ. Қазақстан бойынша 70 айызға жуық жедел жәрдем көлігі жарамсыз. Дәрі-дәрмек жетпейді. Президент Әділетті Қазақстан құру керек деген тапсырма берді. Осының барлығын қалыпқа келтірмей жатып, халықтың қалтасынан МӘМС-ке ақша төлеу қаншалықты әділетті?»,- деді Ринат Зайытов.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәжіліс депутатының сұрағына жауап берді.
«Сіз айтып өткен проблемалар бар. Шын мәнінде инфраструктураға қатысты былтыр тиісті концепция қабылданды. Үкімет қаулысымен бекітілді. Соның ішінде 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен тиісті инфраструктураны жаңарту қарастырылған. Президент тапсырмасы бойынша 655 елдімекенде тиісті құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның 464-і іске қосылды. Кадр мәселесі бойынша мамандар тиісті көмек алып, бүгінде ауылдық жерлерде жұмыс істеуде. Келесі жылы барлық облыстарда жергілікті бюджет есебінен жедел жәрдем көлігі мәселесі шешіледі»,- деді министр.



