Былтыр 1,4 млн адам МӘСҚ-тан әлеуметтік төлем алды

Былтыр 1,4 млн адам МӘСҚ-тан әлеуметтік төлем алды
Фото: Оңалхан Өнерхан

2024 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 1,4 млн қазақстандық жалпы сомасы 958,3 млрд теңгеге бес әлеуметтік тәуекел бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер алды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша тағайындалады, ол бюджет қаражаты есебінен төленеді. МӘСҚ-тан төлем медициналық-әлеуметтік сараптамада белгіленген дәрежесі 30%-дан 100%-ға дейінгі жалпы еңбекке қабілеттілігін жоғалту кезеңінде жүзеге асырылады және ол еңбек қызметін жалғастыруға байланысты емес.

«2024 жылы еңбек ету қабілетінен айырылу жағдайы бойынша төлемді 102 мыңнан астам адам 46,6 млрд теңге сомасына алды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 20%-ға артық. Белгіленген төлемнің ай сайынғы орташа мөлшері 60 407 теңгені құрады.

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем бюджет қаражаты есебінен асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша жүйеге қатысушының асырауында болған адамдарға тағайындалады», - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.

МӘСҚ-дан төлем асырауындағы адамдар 18 жасқа толғанға дейін, ал күндізгі оқу нысанында оқыған жағдайында – 23 жасқа дейін жүзеге асырылады.

Есепті кезеңде көрсетілген төлемді асыраушысынан айырылған 67,9 мың отбасы 33,8 млрд теңге сомасына алды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 26%-ға артық. Белгіленген төлемнің ай сайынғы орташа мөлшері 64 772 теңгені құрады.