Әскери білім беру жүйесіне озық цифрлық шешімдер енгізіледі
Мемлекеттің қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуде зияткерлік және технологиялық басымдық шешуші факторлардың біріне айналып отыр. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы, полковник Мұрат Олжабаев мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ОКҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Әскери білім беру жүйесі оқу үдерісіне озық цифрлық шешімдерді, симуляциялық технологияларды, жасанды интеллект элементтерін және қорғалған IT-инфрақұрылымды кезең-кезеңімен енгізіп келеді», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Оның айтуынша, барлық әскери даярлау бағдарламаларына киберқауіпсіздік элементтері енгізілген. Сонымен қатар симуляциялық кешендер, цифрлық полигондар, виртуалды және толықтырылған шынайылық технологиялары қолданылады.
Әскери басқару саласында жасанды интеллект пен деректерді талдау технологияларын пайдалану бағыттары дамытылып келеді. Сондай-ақ әскери білім берудің цифрлық инфрақұрылымының тұрақтылығын қамтамасыз ететін қорғалған білім беру IT-ортасы қалыптастырылып жатыр.
«Практикалық даярлықта ұшқышсыз авиациялық жүйелерді қолдануға ерекше мән беріледі. Курсанттар мен кадеттер ұшқышсыз ұшу аппараттарының (БПЛА) көмегімен барлау жүргізу, атысты түзету, бақылау және жағдайды бағалау тәсілдерін, сондай-ақ қарсыластың ұшқышсыз құралдарына қарсы іс-қимыл шараларын меңгереді. Сонымен қатар бөлімшелерді басқару жүйесіне ұшқышсыз кешендерді біріктіру бойынша дағдылар қалыптастырылады. Бұл ақпаратты жедел алу мен дәл бағыттаудың маңызы артқан қазіргі қарулы қақтығыстар сипатына сәйкес келеді», – деді полковник.