Референдум-2026

Заң мен тәртіп: Астанада заңсыз топырақ өндіргендер анықталды

Заң мен тәртіп: Астанада заңсыз топырақ өндіргендер анықталды
Фото: ІІМ

Елордада жер қойнауын заңсыз пайдалану және топырақ өндіру деректерінің жолын кесу бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, бұл жұмыстар «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында жүргізілуде. Заңсыз топырақ өндіру қоршаған ортаға елеулі зиян келтіріп, табиғи ландшафттың өзгеруіне және қаланың экологиялық ахуалының нашарлауына себеп болады.

Мамандардың айтуынша, жер учаскелерін өз бетінше игеру салдарынан терең шұңқырлар пайда болып, кейін оларда су жиналады. Бұл жер бедерінің өзгеруіне, табиғи тепе-теңдіктің бұзылуына және экологиялық тәуекелдердің артуына әкеледі.

«102» арнасына «Нұра» ауданындағы Қарқаралы тасжолы маңындағы ипподром аумағында жер қойнауын заңсыз пайдалану және топырақ шығару фактісі туралы хабарлама түскен.

Оқиға орнына барған полиция қызметкерлері арнайы техника мен жүк көліктерінің көмегімен топырақ тиеу және тасымалдау жұмыстарын жүргізіп жатқан адамдарды анықтады.

Тексеру барысында үш Shacman жүк көлігі анықталды. Оларды басқарған 22, 26 және 39 жастағы азаматтардың жеке басы белгілі болды. Сондай-ақ мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ шынжыр табанды экскаватор табылып, оны басқарған 30 жастағы жүргізуші анықталды. Оқиға орнында 35 жастағы азамат жүргізген Chery Tiggo автокөлігі де болған.

Құқық бұзушылық жасау кезінде пайдаланылған барлық көлік құралдары коммуналдық тұраққа қойылды.

ІІМ азаматтар мен ұйымдарды жер қойнауын пайдалану саласындағы заң талаптарын және абаттандыру қағидаларын сақтауға, сондай-ақ қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырды.

Ведомство мәліметінше, заңсыз топырақ өндірудің әрбір дерегі бойынша тиісті шаралар қабылданып, кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады. «Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету аясындағы мұндай рейдтік іс-шаралар елордада тұрақты түрде жалғасады.

Бұған дейін Астанада заңсыз алкоголь саудасына қарсы бақылау күшейтілгенін жаздық.