Референдум-2026

Кёнджуда табылған алтын семсердің Ұлы далаға қандай қатысы бар – шығыстанушының жауабы

Кёнджуда табылған алтын семсердің Ұлы далаға қандай қатысы бар – шығыстанушының жауабы
Фото Дастан Ақаштың жеке мұрағатынан (Сеул қ., Оңтүстік Корея)

Кореяның көне астанасы Кёнджу қаласынан табылған алтын семсердің Ұлы дала мәдениетімен байланысы болуы мүмкін. Бұл туралы Корея медиасында 300-ден астам мақаласы жарияланған шығыстанушы Дастан Ақаш Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Оның айтуынша, аталған жәдігер Корея археологиясындағы ең маңызды олжалардың бірі саналады. Америкалық және корейлік ғалымдардың зерттеулеріне сәйкес, семсердің жасалу технологиясы мен көркемдік стилі Қазақстан аумағынан табылған көне бұйымдармен ұқсастыққа ие.

«Жақсы қызығушылық тудырған тақырыптардың бірі – Кёнджу қаласынан табылған алтын семсердің жұмбағы. Бұл жәдігер кезінде Корея археологиясында үлкен жаңалық болған еді. Менің мақаламда семсердің жасалу технологиясы мен стилі Ұлы дала мәдениетімен, атап айтқанда, Эрмитажда сақталған Қазақстан жерінен табылған жәдігерлермен тікелей байланысты екені айтылды. Америкалық және корейлік ғалымдардың пікірлеріне сүйене отырып, Ұлы Жібек жолы арқылы жеткен бұл құнды жәдігердің қазақ даласымен байланысы бар деген тұжырым оқырман қауымының қызығушылығын тудырды», – деді Дастан Ақаш.

Шығыстанушының сөзінше, Дінмұхамед Қонаев пен Нұрғиса Тілендиевтің Кореяға сапарлары, сондай-ақ Абай мұрасы туралы мақалалары да корей қоғамының қазақ мәдениетіне деген қызығушылығын арттырған.

«Меніңше, корей аудиториясын ең көп қызықтыратын нәрсе – екі халықтың тарихи және мәдени байланыстары», – деді ол.

Дастан Ақашпен болған толық сұхбатты осы жерден оқи аласыз.