Референдум-2026

Астанада жаңа жылыту маусымына кешенді дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр

Бүгін, 14:05
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Астанада жаңа жылыту маусымына кешенді дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр
Фото: Жеңіс Қасымбек/ Instagram

Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram желісінде елорданың жылу-энергетикалық инфрақұрылымын дамыту бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстарға тоқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Қала әкімінің айтуынша, елорданың өсу қарқынын ескере отырып, жылу қуатын арттырып, қолданыстағы нысандарды жаңғыртып, жаңа тұрғын үй кешендері мен әлеуметтік нысандарды қосуға қажетті резерв қалыптастырылып келеді. Сонымен қатар алдағы жылыту маусымына кешенді дайындық жүріп жатыр.

«Телман» газ жылу станциясының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл нысан елорданың болашақтағы құрылыс аймақтарын сенімді әрі үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге, жылумен жабдықтау жүйесінің өткізу қабілетін арттыруға және жаңа тұрғын үй кешендері мен әлеуметтік нысандарды қосуға қажетті жылу қуатының резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бүгінде нысанның құрылысқа дайындық деңгейі 76%-ды құрайды.

Сол сияқты ЖЭО-2-дегі су жылыту қазандығын кеңейту және №7, №8 су жылыту қазандықтарын орнату арқылы қайта жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Жобаны іске асыру қаланың негізгі жылу көздерінің бірінің қуатын арттырып, жүйенің сенімділігін күшейтуге және жаңа тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарды жылу жүйесіне қосуға мүмкіндік береді», - дейді Ж.Қасымбек. 

Ол, сондай-ақ, қаланың энергетикалық кәсіпорындары жылыту маусымына дайындық аясында жоспарлы жөндеу жұмысы қатар жүргізіліп жатқанын айтты. 

«ЖЭО-1 және ЖЭО-2-дегі үш қазандыққа, бір турбинаға, бір трансформаторға және екі су жылыту қазандығына күрделі жөндеу жүргізу, сондай-ақ қосалқы жабдықтарды жөндеу жоспарланған.

Сондай-ақ, биыл 7,5 км жылу желісі күрделі жөндеуден өткізіліп, қайта жаңғыртылады. Сонымен бірге, 67,4 км әуе және кабель желісін, 68 тарату және трансформаторлық қосалқы пунктіні, электр желісі инфрақұрылымының өзге де нысандарын жөндеу жоспарланып отыр.

Елорданы газдандыру жұмысы да жүйелі түрде жүріп жатыр. Қазіргі уақытта газбен жабдықтау жүйесіне 14,4 мың абонент қосылды. Газдандыру жұмысы Көктал-1, Көктал-2, Агроқалашық, Теміржолшылар, Өнеркәсіптік, Оңтүстік-Шығыс, Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный, Family Village, Vela Village, Үркер, Телман, Кірпішті, Шұбар, Ақбидай, Қазақауыл елді мекендері мен шағын аудандарын, сондай-ақ Потанин көшесі маңындағы қаланың ескі бөлігін қамтыды.

ЖЭО-1 мен ЖЭО-2-дегі 16 қазандық газға көшірілді, 23 әлеуметтік нысан газбен жабдықтау жүйесіне қосылды», - деп жазды елорда әкімі.