Қазақстан ТЖМ авиациясы 280 пациентке шұғыл көмек көрсетті
Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің авиациясы 2026 жылдың алғашқы алты айында 1488 рейс орындады. Оның 707-сі төтенше жағдайлардың алдын алу мен салдарын жоюға бағытталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, аталған рейстер өңірлердегі жедел ахуалды әуеден бақылауға және төтенше жағдайларға дер кезінде ден қоюға мүмкіндік берген.

Санитарлық авиация желісі бойынша 287 рейс орындалып, 283 науқасқа шұғыл медициналық көмек көрсетілді. Сонымен қатар ауыр халдегі пациенттерді медициналық мекемелерге жеткізу және дәрігерлер бригадаларын әуе көлігімен тасымалдау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Бұдан бөлек, Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әріновтің тапсырмасына сәйкес өңірлерде 20 авиациялық-құтқару бөлімшесін құру жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі таңда жаңа нысандардың құрылысы жүргізілуде.

Бүгінде Қазақстан ТЖМ авиациялық паркінде заманауи ұшақтар мен тікұшақтарды қоса алғанда 45 әуе кемесі бар. Бұл еліміздің барлық өңірінде төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Авиацияның негізгі міндеттеріне іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу, санитарлық авиация қызметін қамтамасыз ету, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға әуе мониторингін жүргізу, орман және дала өрттерін сөндіруге қатысу, сондай-ақ құтқарушылар мен арнайы техниканы оқиға орнына жедел жеткізу кіреді.

Сондай-ақ авиациялық бөлімшелер су тасқыны қаупі бар аумақтарда, орман алқаптары мен табиғи өрт ошақтарында тұрақты түрде әуеден мониторинг жүргізеді. Бұл ықтимал қауіптерді ерте анықтап, төтенше жағдайлардың алдын алуға және жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

ТЖМ мәліметінше, министрлік авиациясы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың салдарын азайту және халыққа дер кезінде көмек көрсету бағытындағы жұмыстарын жалғастырып келеді. Ведомствоның ұшқыштары мен авиация мамандары кез келген күрделі міндеттерді орындауға дайын.
Бұған дейін ТЖМ тікұшағы ауыр науқасты шұғыл жеткізу үшін санитариялық рейс орындағанын жазған едік.