ТЖМ тікұшағы ауыр науқасты шұғыл жеткізу үшін санитариялық рейс орындады
Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазавиақұтқару» авиациясы медициналық көмекке мұқтаж науқасты тасымалдау үшін Павлодар – Екібастұз – Павлодар бағыты бойынша шұғыл санитариялық рейс орындады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, тікұшақ экипажы белгіленген бағытқа жедел ұшып шығып, науқасты қауіпсіз жеткізді. Ұшу барысында санитариялық авиацияның медициналық бригадасы ер адамның жағдайын тұрақты бақылауда ұстаған.
«Қазавиақұтқару» авиациясы елдің кез келген өңірінде шұғыл медициналық эвакуацияны және өзге де күрделі міндеттерді орындауға әрдайым дайын», – делінген ТЖМ хабарламасында.
Бұған дейін ТЖМ құтқарушылары Астанада жеке тұрғын үйден табылған жыланды қала сыртына апарып, қауіпсіз аймаққа жібергенін жазған едік.