Референдум-2026

Саясат Нұрбек: Қазақстанда инженерлік білім берудің жаңа моделі құрылуда

Бүгін, 10:49
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Саясат Нұрбек: Қазақстанда инженерлік білім берудің жаңа моделі құрылуда
Фото: primeminister.kz

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында автомобиль өнеркәсібі үшін инженерлік кадрларды даярлау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ол бүгінгі таңда министрлік цифрлық өндірісте, роботтандырылған жүйелерде және жасанды интеллект технологияларымен жұмыс істей алатын инженерлерді даярлау жүйесін қалыптастырып келе жатқанын атап өтті.

Автомобиль өнеркәсібі үшін кадрлар даярлау еліміздің 19 жоғары оқу орнында 34 білім беру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуда. Автомобиль өнеркәсібіне қажетті инженерлік бағыттар бойынша 4 мыңға жуық студент білім алуда. Биыл осы бағыттарға 3 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлінді.

«Сонымен қатар «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемдік деңгейдегі мамандар даярлануда. 176 маман даярланды, қазіргі уақытта 23 стипендиат Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Чехия, Жапония, Қытай, Италия және басқа да елдерде білім алып, ғылыми тағылымдамадан өтуде», - деп атап өтті Саясат Нұрбек.

Министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылдан бастап инженерлік білім берудің жаңа моделі енгізіліп жатқанын айтты. Даярлаудың бірыңғай траекториясына өту көзделген, инженерлік білім берудің пәнаралық өтпелі стандарты енгізілді, білім, ғылым және өндіріс интеграциясы күшейтілді, тұрақты кәсіби өсудің жаңа тетіктері айқындалды.

Саясат Нұрбек Қазақстанда жаңа кәсіптер мен құзыреттердің 9 салалық және 20 өңірлік атласы әзірленгенін айтты.

Министр атап өткендей «Машина жасау» және «Көлік және логистика» салалық атластары, сондай-ақ Қарағанды және Қостанай облыстарының өңірлік атластары машина жасау саласын тікелей қамтиды.

Нәтижесінде 31 жаңа мамандық қалыптасып, 22 қолданыстағы мамандық трансформацияланады. Соның негізінде жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларын жаңартуда.

Сондай-ақ 73 мың кәсіпорын қатысуымен ауқымды сауалнама жүргізілді, оның 92-сі автоөнеркәсіп саласының кәсіпорындары. Бұл сала үшін инженерлік және жұмысшы кадрларға деген қажеттілік алдағы үш жылда 10 мыңнан астам адамды құрайды.

Еске сала кетейік, Қазақстанда үш жаңа маркалы автомобильдер өндірісі іске қосылады.