Референдум-2026

Қаржылық ақпаратты қорғау үшін цифрлық қауіпсіздік қағидаларын сақтау қажет - агенттік

Қаржылық ақпаратты қорғау үшін цифрлық қауіпсіздік қағидаларын сақтау қажет - агенттік
Фото: ЖИ

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарға жеке деректер мен қаржылық ақпаратты қорғау үшін цифрлық қауіпсіздік қағидаларын сақтау қажеттігін еске салады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Ең көп таралған киберқауіптер қатарында фишингтік шабуылдар, залал келтіретін бағдарламалық қамтамасыз ету, құпиясөзді сәйкестендіру және алаяқтық схемалар болып қала береді. Ерекше қауіп төндіретіні – жасанды интеллект технологиялары. Қаскөйлер оларды шынайы көрінетін фишингтік хабарламаларды, сондай-ақ дипфейктерді  – жалған дауыстық және бейнежазбаларды жасау үшін пайдаланады», делінген хабарламада.

Агенттік киберқауіптерден қорғану үшін мынадай қарапайым қағидаларды сақтауды ұсынады:

- бөгде адамдарға жеке деректеріңізді және құжаттарыңыздың көшірмесін бермеңіз;
- құжаттардың, банк картасының және өзге де құпия деректің суретін жарияламаңыз;
- жеке немесе қаржылық ақпаратты қамтитын құжаттарды сенімділігі расталмаған жасанды интеллект сервистеріне жүктемеңіз.

Есептік жазбаңызды қорғаңыз:

- күрделі әрі бірегей құпиясөзді пайдаланыңыз;
- екі факторлы аутентификацияны қосыңыз;
- құпиясөздерді, SMS кодтарды және растау кодтарын ешкімге хабарламаңыз.

Қоңыраулар мен хабарламаларға мұқият болыңыз:

- ақшаны шұғыл аударуды немесе құпия ақпаратты хабарлауды сұрайтын өтініштерге сенбеңіз;
- бейтаныс адамның өтініші бойынша қандай да бір бағдарламаны орнатпаңыз;
- күмәнді қоңырау түскен жағдайда ұйыммен оның ресми байланыс арналары арқылы өзіңіз хабарласыңыз;
- құрылғыңыздың және банк сервистерінің қауіпсіздігін тұрақты түрде бақылап, қосылған қолданбаларды және операциялар бойынша хабарламаларды тексеріп отырыңыз.

Жеке деректеріңіздің жария болып кету қаупі туындаған жағдайда, құпиясөзді дереу өзгертіңіз, банк картаңызды немесе қашықтан банк қызметіне қолжетімділікті бұғаттаңыз, банкке хабарлаңыз және қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгініңіз.

Есте сақтаған жөн: мемлекеттік органдардың, банктердің және өзге де қаржы ұйымдарының қызметкерлері телефон арқылы банк картасының дерегін, растау кодын, құпиясөзді және өзге де құпия ақпаратты сұратпайды.

Еске сала кетсек, Астанада жасөспірімдерге құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.