Референдум-2026

Астанада жасөспірімдерге құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Астанада жасөспірімдерге құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді
Фото: видеодан скрин

Елорданың «Алматы» ауданында жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған профилактикалық кездесу өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында «Алматы» ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен өтті. Оған Ішкі істер министрлігінің, аудан әкімдігінің, Білім басқармасының өкілдері, Оқушылар сарайының еңбек ұжымы мен жасөспірімдер қатысты.

Кездесу барысында қатысушыларға есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және оның құқықтық салдары жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, жол-көлік оқиғаларынан сақтану, интернет-алаяқтықтан қорғану, балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу және жазғы демалыс кезіндегі су айдындарындағы қауіпсіздік мәселелері талқыланды.

Іс-шараның тәжірибелік бөлімінде полиция департаментінің кинологиялық қызметі қызметтік иттердің іздестіру мүмкіндіктерін көрсетті. Көрсетілім жасөспірімдердің ерекше қызығушылығын тудырып, құқық қорғау органдарының жұмысы туралы түсініктерін кеңейтті.

Астана қаласы прокуратурасының мәліметінше, мұндай профилактикалық кездесулер жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, заңды құрметтеуге және жеке қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға ықпал етеді. Ведомство өкілдері құқық бұзушылықтың алдын алудың ең тиімді жолы уақтылы түсіндіру, дұрыс таңдау жасау және заң талаптарын сақтау екенін атап өтті.

Бұған дейін Астанада заңсыз алкоголь саудасына қарсы бақылау күшейтілгенін жаздық.