Елімізде «Кітап оқитын ұлт» марафоны басталады
Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Креативті индустрияларды дамыту қоры мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құжат ұлттық әдебиетті қолдауға, оқырмандар санын арттыруға және отандық кітап индустриясының дамуына бірлесіп ықпал етуді көздейді.
«Аталмыш бастама Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру аясында қолға алынып отыр. Бұл елдегі кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттайтын маңызды жобалардың біріне айналмақ», - делінген хабарламада.
Ынтымақтастық аясындағы ауқымды бастаманың бірі – республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафоны. Биыл марафонға бір миллионнан астам адамды тарту жоспарланған. Қатысушылар арнайы ұсынылған тізімдегі қазақ және орыс тілдеріндегі 300-ден астам шығарманың ішінен таңдау жасап, 15 кітапқа дейін оқи алады. Нәтижесінде жоба аясында оқылым санын 15 миллионға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Меморандум аясында форумдар, фестивальдер, кітап көрмелері, шығармашылық кездесулер, дәрістер, семинарлар және өзге де мәдени-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылады. Олардың барлығы кітап оқуды кеңінен дәріптеуге, отандық қаламгерлер мен баспаларды, кітап саласын қолдауға, әдебиет пен креативті индустрия арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етпек.
Еске салсақ, елімізде жаңа оқу жылына арналған оқулықтар кезең-кезеңімен жаңартылады.