Елімізде жаңа оқу жылына арналған оқулықтар кезең-кезеңімен жаңартылады
Қазіргі таңда Оқу-ағарту министрлігі 2026-2027 оқу жылына арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің тізбесін бекіту және білім беру ұйымдарын оқулықтармен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, барлық оқулықтарға қосымша сараптама жүргізілді. Оқулықтардың сапасы Үкіметтің ерекше бақылауында.
Бұған дейін Премьер-Министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаева қосымша тексеру барысында мектеп оқулықтарынан 700-ден астам ескерту мен қателік анықталғанын хабарлаған болатын. Осыған байланысты оқулықтарды бекітуге дейін оларды қосымша жетілдіру туралы шешім қабылданды.
Қазіргі уақытта баспалармен және сарапшылармен бірлесіп анықталған ескертулерді жою жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар білім беру ұйымдарын оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарлы түрде жалғасып жатыр.
Оқулықтарды жаңарту кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. 2026 жылғы 30 тамызға дейін 3-сыныптарға арналған «Қазақ тілі», «Орыс тілі», «Математика», «Дүниетану», «Әдебиеттік оқу», «Музыка» пәндері бойынша, сондай-ақ 7-сыныпқа арналған «Дүниежүзі тарихы» пәні бойынша оқулықтарды сатып алу жоспарланды.
2027 жылғы 1 қаңтарға дейін - 4 және 9-сыныптарға, 2027 жылғы 1 сәуірге дейін - 8-сыныптарға арналған оқулықтар жаңартылады.
Оқулықтарды таңдау Etandau.gov.kz электрондық платформасы арқылы жүзеге асырылатын болады. Оның нәтижесі бойынша жергілікті атқарушы органдар өтінімдерді қалыптастырып, баспаларға жолдады. Сонымен қатар өңірлерде оқушылар санының өсуі мен кітапхана қорын жаңарту қажеттілігі ескеріліп, қалған сыныптарға арналған оқулықтарды қосымша сатып алу жүргізіліп жатыр.
«Оқу-ағарту министрлігі жергілікті атқарушы органдармен, баспалармен және сарапшылармен бірлесіп, оқушыларды жаңа оқу жылына сапалы әрі заманауи оқулықтармен уақтылы қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр», - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұдан бұрын Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерді шығаратын ірі отандық баспалардың басшыларымен жұмыс кездесуін өткізді.