Мемлекет курсанттарға әлеуметтік кепілдіктер береді - Қорғаныс министрлігі
Оқу кезеңінде әскери колледждер мен жоғары әскери оқу орындарының курсанттары мемлекет есебінен қамтамасыз етудің барлық түрлерімен қамтылады. Олар Әскери ант қабылдап, әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасады. Бұл туралы ҚР ҚМ Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы полковник Мұрат Олжабаев хабарлады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ОКҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, әскери колледждердің түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырмай-ақ, конкурс негізінде әскери институттардың қысқартылған үш жылдық білім беру бағдарламаларына түсу құқығына ие.
«Офицерлік кадрларды даярлау үш әскери институтта жүзеге асырылады. Бұл оқу орындары Қарулы Күштердің әскер тектері мен түрлері бойынша мамандықтардың басым бөлігін қамтиды. Оқу мерзімі – төрт жыл. Оқуды аяқтаған түлектерге «лейтенант» әскери атағы және «бакалавр» академиялық дәрежесі беріледі», - деді спикер баспасөз конференциясында.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қол қойған өзгерістерге сәйкес, Қазақстанның әскери және арнаулы оқу орындарында, сондай-ақ шет мемлекеттердің әскери оқу орындарында жоғары білім беру бағдарламаларын үздік тәмамдаған түлектерге «аға лейтенант» әскери атағын беру және қызмет орнын таңдауда басым құқық ұсыну қарастырылған.
Мемлекет курсанттарға әлеуметтік кепілдіктер береді: олар үй-жаймен, медициналық қызмет көрсетумен және ақшалай үлеспен қамтылады.