Астанада «Аулалардағы қабылдау» акциясы басталды
Елордада 20–26 шілде аралығында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, азаматтардың өтініші мен мәселелерін жедел шешуге бағытталған «Аулалардағы қабылдау» республикалық акциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Бір аптаға созылатын акция барысында қабылдау елорданың барлық ауданындағы тұрғын үй кешендерінің ауласында ұйымдастырылады. Тұрғындар мемлекеттік органдардың, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен кездесіп, өзін алаңдатқан мәселелер бойынша кеңес алып, ұсыныс-пікірін білдіре алады.
21 шілдеде акция аясында мына мекенжайларда тұрғындарды қабылдау ұйымдастырылады: Есіл ауданы – сағат 17:00-де, Достық көшесі, 5, «Солтүстік шұғыласы» тұрғын үй кешенінің ауласы; Нұра ауданы – сағат 16:00-де, Тұран даңғылы, 24, «Сарыарқа» ойын-сауық орталығының аумағы; Сарайшық ауданы – сағат 17:00-де, А.Байтұрсынов көшесі «Жібек жолы» ойын-сауық орталығының аумағы.
«Аулалардағы қабылдау» акциясы халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидатын іске асырудың тиімді тетіктерінің бірі.
Полиция департаменті елорда тұрғындарын акцияға белсенді қатысуға шақырады. Ашық диалог – тиімді шешімнің бастауы. «Аулалардағы қабылдау» акциясы әрбір тұрғынның пікірін тыңдап, мәселесін шешуге бағытталған маңызды қоғамдық бастама болып қала береді.
Еске сала кетсек, елордадағы «Жерұйық» саябағында қоғамдық тәртіп пен тазалықты сақтау бойынша рейд өтті.