Референдум-2026

Ел құрамасы Халықаралық математикалық олимпиадада алты медаль жеңіп алды

Бүгін, 18:03
Думан Аманжол Думан Аманжол
Ел құрамасы Халықаралық математикалық олимпиадада алты медаль жеңіп алды
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

13-21 шілде аралығында Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласында 67-ші Халықаралық математикалық олимпиада (International Mathematical Olympiad, IMO) өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Әлемдегі ең беделді әрі ең көне зияткерлік білім жарыстарының біріне 117 мемлекеттен 700-ге жуық дарынды оқушы қатысты.

Олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 3 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды.

Күміс медаль иегерлері: Тимур Мұрат - Алматы қаласындағы «Haileybury Almaty» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы; Әли Еркебұланұлы - Алматы қаласындағы «NURORDA» мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы; Батырхан Бейганов - Республикалық физика-математика мектебінің 10-сынып оқушысы.

Қола медаль иегерлері: Ерасыл Алтынбек - Алматы қаласындағы «NURORDA» мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы; Марғұлан Шарел - Астана қаласындағы Spectrum халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы; Амирлан Аманжолов - Алматы қаласындағы «Haileybury Almaty» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы.

Құрама жетекшілері: Асылбек Исахов - Қазақстан-Америка еркін университетінің президенті; Қанат Сатылханов - халықаралық және республикалық олимпиадалардың бірнеше дүркін жүлдегері.

«Халықаралық математикалық олимпиада 1959 жылдан бері өткізіліп келе жатқан әлемдегі ең беделді әрі ең көне пәндік олимпиадалардың бірі. Қазақстан бұл білім додасына 1992 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. Осы уақыт ішінде ұлттық құрама олимпиадаға 34 рет қатысып, 16 алтын, 54 күміс және 86 қола медаль, сондай-ақ 30 Құрмет грамотасын иеленді. Бұл қазақстандық оқушылардың жоғары дайындық деңгейін, педагогтердің жүйелі еңбегін және Қазақстанның халықаралық олимпиадалық қозғалыстағы берік орнын тағы бір мәрте айқын көрсетті», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Еске салсақ, Қазақстандық оқушылар халықаралық химия олимпиадасында 4 медаль жеңіп алды.