Қазақстандық оқушылар халықаралық химия олимпиадасында 4 медаль жеңіп алды
Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен 58-ші Халықаралық химия олимпиадасында (International Chemistry Olympiad, IChO 2026) ел құрамасы 100 пайыздық нәтиже көрсетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Ұлттық құраманың барлық төрт мүшесі жүлдегер атанып, бір алтын және үш күміс медаль жеңіп алды.
Алтын медальді Өскемен қаласындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы Женісханова Айзере жеңіп алды.
Күміс медаль иегерлері:
- Астана қаласы Нұра ауданындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы Қали Әбілмансұр;
- Алматы қаласындағы №134 лицейдің 11-сынып оқушысы Полетаев Данил;
- Астана қаласындағы Spectrum International School мектебінің 11-сынып оқушысы Жақсылықов Ансар.

Ұлттық құраманың жетекшілері:
- Бегдаир Санжар Саматұлы - KAIST университетінің (Корея Республикасы) студенті, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы;
- Нұртазин Ануар Абайұлы - химия және экономика магистрі, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы.
«Биылғы жетістік - дарынды оқушыларды қолдау, олимпиадалық қозғалысты жүйелі дамыту және педагогтердің кәсіби еңбегінің нәтижесі. Бұл жеңіс қазақстандық оқушылардың халықаралық жетістіктерінің жарқын жалғасы болды. Бұған дейін Халықаралық физика олимпиадасында Қазақстан құрамасы ел тарихында тұңғыш рет бес алтын медаль жеңіп алған болатын», делінген хабарламада.
Айта кетейік, биылғы олимпиадаға әлемнің 90-нан астам елінен 350-ден астам дарынды оқушы қатысты.

Еске салсақ, еліміздің үздік жас химиктері халықаралық олимпиадада ел намысын қорғайтынын жазғанбыз.