Төтенше жағдайлар министрлігі ата-аналарға маңызды ескерту жасады
Жаз мезгілінде күннің қатты ысуына байланысты жабық автокөлік салонындағы ауа температурасы бірнеше минут ішінде-ақ қауіпті деңгейге дейін көтеріледі. Бұл әсіресе балалардың өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіреді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осыған байланысты ТЖМ ата-аналар мен жүргізушілерге келесі қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады:
- балаларды автокөлікте қараусыз қалдырмаңыз, тіпті аз уақытқа болса да;
- көліктен шығарда баланың өзіңізбен бірге түскеніне міндетті түрде көз жеткізіңіз;
- көлік есіктерін әрдайым құлыптап, кілтті балалардың қолы жетпейтін жерде сақтаңыз;
- аздап ашық тұрған терезе көлік ішіндегі температураны төмендетпейтінін есте сақтаңыз;
- көлікте жалғыз қалған баланы байқасаңыз, дереу 112 қызметіне хабарлаңыз немесе баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдаңыз.
Есіңізде болсын: сырттағы ауа температурасы 30-35°С болған жағдайда көлік салонындағы температура небәрі 10-15 минут ішінде 50-60°С-қа дейін көтерілуі мүмкін. Мұндай жағдайда баланың ағзасы қатты қызып, өміріне қауіп төнеді.
Еске сала кетейік, аптап ыстыққа байланысты елдегі цементбетон жабыны бар республикалық маңызы бар автокөлік жолдары тәулік бойы бақылауға алынды.