Аптап ыстық: республикалық жолдар тәулік бойы бақылауға алынды
Аптап ыстыққа байланысты елдегі цементбетон жабыны бар республикалық маңызы бар автокөлік жолдары тәулік бойы бақылауға алынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz «ҚазАвтоЖол»-ға сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 1 636,5 шақырымды құрайтын жол учаскесіне тұрақты мониторинг жүргізілуде.
«18 шілдедегі жоспарлы тексерулер барысында Жамбыл, Павлодар және Түркістан облыстарындағы алты жол учаскесінде цементбетон жабынының жергілікті температуралық деформациясы анықталды. Аталған орындарға жедел түрде жол бригадалары мен арнайы техника жіберілді», деп хабарлады компанияда.

Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына 51 жол маманы мен қажетті арнайы техника жұмылдырылды. Жедел әрекет етудің нәтижесінде анықталған барлық ақау қысқа мерзім ішінде толық жойылып, көлік қозғалысының қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.
Мамандардың айтуынша, аптап ыстық кезінде цементбетон жабынының беткі температурасы +60...+70 °C-қа дейін, ал кейбір учаскелерде одан да жоғары деңгейге көтерілуі мүмкін. Мұндай жағдайда бетон плиталарының ішінде кернеу пайда болып, температуралық деформациялар орын алады. Бұл – әлемнің көптеген елдерінде ыстық кезеңде кездесетін табиғи құбылыс.

Осыған байланысты жаз мезгілінде жолдардың техникалық жай-күйі үздіксіз бақылауда ұсталады. Тұрақты патрульдеу ықтимал ақауларды ерте анықтап, алдын алу және қалпына келтіру жұмыстарын дер кезінде жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл күрделі зақымдардың алдын алып, жол қозғалысының қауіпсіздігін сақтауға ықпал етеді.
«Қазіргі уақытта цементбетон жабыны бар республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына тәулік бойы мониторинг жалғасып жатыр. Жол қызметтері қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысты қамтамасыз ету үшін күшейтілген режимде жұмыс істеуде», делінген хабарламада.

Еске салсақ, еліміздің ақылы автожолдарымен кімдер тегін жүре алатынын жазғанбыз.