Ақылы автомобиль жолдарын кімдер тегін пайдалана алады: ҚазАвтоЖол жауабы
«Автомобиль жолдары туралы» заңның 5-2-бабына сәйкес ақылы автомобиль жолдарымен жүргені үшін төлемнен босатылатын көлік құралдары туралы белгілі болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚазАвтоЖол баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұлар:
1. Қызметтік міндеттерін орындау кезінде пайдаланылатын арнайы автокөлік құралдары:
- жедел медициналық жәрдем ұйымдарының;
- авариялық-құтқару қызметтерінің;
- құқық қорғау органдарының;
- көліктік бақылау органдарының;
- арнаулы мемлекеттік органдардың;
- Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының;
- халықаралық және республикалық маңызы бар жалпыға ортақ ақылы автомобиль жолдарын (учаскелерін) күтіп-ұстау мен техникалық пайдалануды тікелей жүзеге асыратын ұлттық оператордың;
- Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті ақылы автомобиль жолын (учаскесін) күтіп-ұстау мен техникалық пайдалануды тікелей жүзеге асыратын жекеше әріптестің;
- жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті органның.
2. Көлік құралдарының жекелеген санаттары:
- қала маңындағы қатынаста, сондай-ақ ақылы автомобиль жолына (учаскесіне) іргелес орналасқан елді мекендер мен аудан орталықтары, облыс орталықтары, Астана және республикалық маңызы бар қалалар арасында жолаушылар мен багажды тұрақты тасымалдауды жүзеге асыратын автобустар;
- ақылы автомобиль жолына іргелес аудандарда тіркелген автобустар – бір аудан шегінде жүрген кезде;
- су кедергілері мен теміржолдарды кесіп өтетін учаскелердегі жақын орналасқан көлік айрықтарының арасында жүретін жүк автомобильдері, доңғалақты өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы және мелиорациялық машиналар;
- ақылы автомобиль жолына іргелес аудандарда тіркелген жеке және заңды тұлғалардың жеңіл автомобильдері – бір аудан шегінде жүрген кезде.
3. Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне тиесілі жеңіл автомобильдер.
Жеңілдік қалай беріледі?
Тегін жүруге құқығы бар көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері арнайы ақпараттық дерекқорға енгізіледі. Осыдан кейін ақылы учаскелерден өткен кезде көлік құралы автоматты түрде сәйкестендіріліп, жол жүру ақысы есептелмейді.
Тегін жүру құқығын қалай рәсімдеуге болады?
Көлік құралын жеңілдік берілетін санаттар тізіліміне енгізу үшін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ мынадай құжаттарды ұсыну қажет:
- ресми өтініш (өтінім);
- көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің тізбесі;
- тұрақты автобус маршруттары үшін (қажет болған жағдайда) қолданыстағы маршруттық құжаттардың көшірмелері.
Маңызды: жеңілдік көлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі ақпараттық жүйеге енгізілгеннен кейін ғана қолданылады. Оған дейін ақылы автомобиль жолымен жүргені үшін төлем жалпы тәртіппен алынады.
Еске салайық, бұған дейін 10 шілдеден бастап еліміздегі бірқатар автожолдың ақылы болатыны туралы жаздық.