Референдум-2026

«QH» жобасы: Мүгедектігі бар балалардың 75%-ында оң өзгеріс байқалды

Бүгін, 10:30
Думан Аманжол Думан Аманжол
«QH» жобасы: Мүгедектігі бар балалардың 75%-ында оң өзгеріс байқалды
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Елімізде мүгедектігі бар балаларға үйден шықпай-ақ кешенді оңалту қызметтерін алуға мүмкіндік беретін «QH Үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы табысты жүзеге асырылып келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап. 

Жоба «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен және Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығымен бірлесіп іске асырылуда. Қазіргі таңда бастама Шымкент қаласында, Қызылорда, Павлодар және Абай облысында сәтті жүзеге асырылуда.

Жобаның аралық қорытындылары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысында таныстырылды.

Жоба іске қосылғалы 628 бала үй жағдайында кешенді оңалтудан өтті. Оларға 405 инновациялық оңалтудың техникалық құралы берілді. Бағдарламаның тиімділігі нақты нәтижелермен дәлелденіп отыр: қатысушылардың шамамен 75%-ын құрайтын 470 баланың дамуында оң өзгерістер байқалған. Тұрақты жүргізілген оңалту сабақтарының нәтижесінде 130 бала басын өздігінен нық ұстай алатын деңгейге жетсе, 76 бала өздігінен отыруды үйренген, 78 бала тірек құралдарының көмегімен тұруды меңгерген. Ал 34 бала алғашқы қадамдарын жасаған.

Алдағы уақытта цифрлық платформаның функционалы кеңейтіліп, оған ата-аналарға арналған оқыту материалдары, логопедиялық жаттығулар және сүйемелдеудің жаңа сервистері енгізіледі. Сонымен қатар тәжірибе алмасу және өзара қолдау көрсету мақсатында ата-аналардың тұрақты офлайн кездесулерін өткізу жоспарланып отыр.

Үйлестіру кеңесінің отырысын қорытындылаған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев бұл бағытты одан әрі дамыту барлық мүдделі тараптардың белсенді қатысуын талап ететінін атап өтті.

«Бүгінгі ортақ міндетіміз – мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған әрбір отбасы үшін, қай өңірде тұрса да, сапалы оңалтудың қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Ол үшін мемлекет, жергілікті атқарушы органдар және қоғамдық ұйымдар күш біріктіруі қажет. Тек осындай бірлескен жұмыстың арқасында біз бұл табысты тәжірибені кеңейтіп, балалардың жан-жақты дамуына тең мүмкіндік жасай аламыз», – деп түйіндеді ол.