Референдум-2026

Егінді сақтандыру жөнінде өтінім беру 31 шілдеге дейін ұзартылды

Егінді сақтандыру жөнінде өтінім беру 31 шілдеге дейін ұзартылды
Фото: pexels.com

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің егісті сақтандыруға өтінім беру мерзімі 2026 жылғы 31 шілдеге дейін ұзартылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, шешім фермерлерге сақтандыру қорғанымын рәсімдеуге қосымша уақыт беру және мемлекеттік қолдау тетіктерін кеңінен пайдалану мақсатында қабылданған.

Сақтандыру шартын жасасуға өтінімді Kezekte.kz платформасы арқылы беруге болады.

Бағдарлама Абай, Ұлытау, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне арналған.

Сақтандыру қорғанымы 2026 жылғы 15 тамыз бен 14 қазан аралығында әрекет етеді. Ол егін жинау кезеңінде топырақтың шамадан тыс ылғалдылығынан туындайтын тәуекелдерді өтейді.

Министрліктің хабарлауынша, өтінім беру, сақтандыру шартын рәсімдеу және сақтандыру төлемін алу рәсімдерінің барлығы Qalqan агросақтандыру ақпараттық жүйесі арқылы толық электронды форматта жүзеге асырылады. Жүйе Kezekte.kz платформасында қолжетімді. Шарт жасасу үшін электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет.

Мемлекеттік қолдау аясында сақтандыру полисінің құнының 80 пайызы субсидияланады. Соның нәтижесінде фермерлер сақтандырудың жалпы құнының небәрі 20 пайызын ғана төлейді.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолайсыз ауа райы тәуекелдерінен қорғану үшін сақтандыру полисін 31 шілдеге дейін рәсімдеуге шақырды.

Бұған дейін дронның фермердің сенімді көмекшісіне айналғаны туралы жазған едік.