Аспаннан бақылау: дрон фермердің сенімді көмекшісіне айналды
Қарағанды облысының фермерлері ауыл шаруашылығында цифрлық технологияларды кеңінен қолданып келеді. Олар дронның көмегімен егістік алқаптары мен жайылымдардың жай-күйін бақылап, ауыл шаруашылығы жерлерін жедел бағалап, малды қадағалайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтоғай ауданының Қызыларай ауылында тұратын фермер Сұлтан Сәбит үшін ұшқышсыз ұшу аппараты күнделікті жұмыстың тиімділігін арттыратын құралға айналған. Оның айтуынша, дронның арқасында малдың қай жерде жүргенін қашықтан бақылауға болады. Бұл уақыт пен күшті үнемдеп, басқа шаруаларға көңіл бөлуге мүмкіндік береді.
«Алғашында дронды қызығушылықпен сатып алдым. Бұрын оның мал бағуға көмектесетініне сенбейтінмін. Қазір малдың соңынан жаяу жүрудің немесе алыс жерлерге қатынаудың қажеті жоқ. Қашықтан-ақ табынның орналасқан жерін бақылап отырамын. Менің тәжірибемді көрген ауылдастарым да оның тиімділігіне көз жеткізіп, өздеріне дрон сатып ала бастады», – дейді Сұлтан Сәбит.
Фермердің айтуынша, цифрлық технологиялар қажетті ақпаратты жедел алып, шаруашылықты тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Әсіресе, жайылымы мен егістік алқаптары ауқымды шаруашылықтар үшін мұндай құрылғылардың пайдасы зор.

Сұлтан Сәбит дронды тек жұмыс барысында емес, бос уақытында да пайдаланады. Ол Қызыларайдың таулары, кең даласы мен көркем көлдерін әуеден түсіріп, фотосуреттері мен бейнероликтерін әлеуметтік желілерде жариялап келеді.
Осылайша, фермер туған өлкесінің табиғи сұлулығын насихаттап, Қарағанды облысында ішкі туризмді дамытуға да өз үлесін қосып жүр.

Бұған дейін Ақмола облысы «Игілік» пен «Береке» бағдарламаларын алғаш болып іске қосқанын жаздық.