Референдум-2026

Ақмола облысы «Игілік» пен «Береке» бағдарламаларын алғаш іске қосты

Ақмола облысы «Игілік» пен «Береке» бағдарламаларын алғаш іске қосты
Фото: pexels.com

Ақмола облысы мал шаруашылығын жеңілдетілген несиелеуге арналған жаңа «Игілік» және «Береке» мемлекеттік бағдарламаларын іс жүзінде алғаш болып іске асыра бастаған өңір атанды, деп хабарлайды Elordainfo.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа бағдарламалар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, отандық өнім өндірісін арттыруға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.

Бағдарлама аясында фермерлерге несиелер жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Сондай-ақ негізгі борышты өтеу бойынша екі жылға дейінгі жеңілдікті кезең қарастырылған. Бұл мал шаруашылығындағы ұзақ мерзімді инвестициялардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Бағдарламалардың операторы болып «KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ белгіленді. Компания «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мақұлдаған 26 млрд теңгенің алғашқы 15 млрд теңгесін алып үлгерген.

Мамандардың айтуынша, мемлекеттік қолдаудың жаңа тетіктері фермерлерге асыл тұқымды мал сатып алуға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және шаруашылықтардың тиімділігін арттыруға жол ашады. Нәтижесінде өңірде ет пен сүт өндірісі көбейіп, жаңа жұмыс орындары құрылып, ауылдық аумақтардың тұрақты дамуына серпін береді.

Ақмола облысы дәстүрлі түрде Қазақстанның жетекші аграрлық өңірлерінің бірі саналады. Өңірде мал шаруашылығын дамытуға қажетті жемшөп базасы қалыптасқан және мемлекеттік қолдау құралдарына сұраныс жоғары.

Бұған дейін Қазақстанда алғаш рет экструдирленген балық жемін өндіретін зауыттың құрылысы басталғанын жазған болатынбыз.