AI-Sana: 2 550 студент жасанды интеллект бойынша оқуды аяқтады
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллект экожүйесін дамыту және цифрлық кадрлар даярлау жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталған AI-Sana бағдарламасының II кезеңі аяқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бағдарлама аясында студенттер жасанды интеллект саласындағы білімдерін тереңдетіп қана қоймай, оны нақты жобалар арқылы тәжірибеде қолдануға мүмкіндік алды. Қазіргі таңда олардың бастамасымен мемлекеттік басқару, білім беру, экология және цифрлық сервистерге арналған AI шешімдері әзірленіп жатыр.

Министрліктің мәліметінше, бағдарламаның бірінші кезеңіне университеттің 10 мыңнан астам студенті қатысты. Ал екінші кезеңге 4 085 студент жолдама алып, олардың 2 550-і оқу бағдарламасын толық аяқтап, барлық кезең талаптарын сәтті орындады.
Оқу барысында студенттерге практикалық сабақтар ұйымдастырылып, жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану, арнайы платформалармен жұмыс істеу және жобаларды әзірлеу бойынша әдістемелік қолдау көрсетілді.
Бүгінде бағдарлама аясында бірнеше маңызды жоба жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі – білім беру ұйымдарындағы буллингтің алдын алуға және оқушыларға психологиялық қолдау көрсетуге арналған AI-Jan платформасы. Бұл жоба 2025 жылғы AI-Sana бағдарламасының республикалық қорытындысында «Жылдың үздік әлеуметтік AI жобасы» атанды.

Сонымен қатар In-Map платформасы Түркістан облысында инвестициялық жобаларды басқару мен мониторингтеудің цифрлық жүйесі ретінде пилоттық режимде енгізіліп жатыр. Ал Baqylay.kz жобасы мемлекеттік сатып алулардағы тәуекелдерді жасанды интеллект арқылы талдап, бюджет қаражатының тиімді әрі ашық жұмсалуын бақылауға мүмкіндік береді.
Университеттің Ботаникалық бағы базасында жүзеге асырылып жатқан Digital Twin жобасы IoT датчиктері мен дрондардан алынған мәліметтер арқылы өсімдіктердің жай-күйін бақылап, ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыруды көздейді.
Бұдан бөлек, қазақ тіліндегі цифрлық коммуникацияны дамытуға арналған 3D Avatar және Soile жобалары әзірленіп жатыр. Олар жасанды интеллект технологияларын білім беру мен мемлекеттік қызмет көрсету салаларында кеңінен қолдануға бағытталған.

Министрліктің мәліметінше, AI-Sana бағдарламасының келесі кезеңінде студенттер жобалық оқыту форматына көшіп, өздерінің AI өнімдері мен стартаптарын дамытуға мүмкіндік алады. Осы мақсатта университет қазақ тіліндегі авторлық оқу материалдарын әзірлеуді кеңейтіп, халықаралық серіктестермен бірлескен жобаларды жалғастыруды жоспарлап отыр.
Бұған дейін AI-Sana бағдарламасы аясында қазақстандық жоғары оқу орындары жасанды интеллект саласындағы біртұтас экожүйеге бірігіп жатқанын жазған болатынбыз.