Референдум-2026

AI-Sana: Қазақстан университеттері жасанды интеллектінің бірыңғай экожүйесіне бірігіп жатыр

AI-Sana: Қазақстан университеттері жасанды интеллектінің бірыңғай экожүйесіне бірігіп жатыр
Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

AI-Sana бағдарламасы аясында қазақстандық жоғары оқу орындары жасанды интеллект саласындағы біртұтас экожүйеге бірігіп, ғылым мен инновацияны нақты өндіріске бағыттап келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, бағдарламаға қатысушылар жасанды интеллект технологияларын меңгеріп қана қоймай, бизнес, өнеркәсіп, денсаулық сақтау және мемлекеттік секторға арналған инновациялық шешімдер әзірлеуде. Көптеген жоба пилоттық кезеңнен өтіп, халықаралық гранттарға ие болып, инвесторлардың қызығушылығын тудырып отыр.

Мәселен, Astana IT University күн панельдеріндегі ақауларды анықтайтын EnergyDronesAI жүйесін жасап, Shell компаниясының грантын жеңіп алды және Қытайдағы халықаралық байқауда алтын медаль иеленді. Сондай-ақ университет трансплантология саласына арналған CortexAI жүйесін әзірлеп жатыр.

Қазақстан-Британ техникалық университеті «ҚазМұнайГаз» АҚ-пен бірге мұнай-газ саласына арналған KMG.AIAN интеллектуалды көмекшісін, ал Шығыс Қазақстан техникалық университеті шахталардағы қауіпсіздікті арттыруға арналған Smart Safety Monitor жүйесін әзірледі. Бұл жоба Дүниежүзілік банктің гранттық қолдауына ие болған.

Денсаулық сақтау саласында Астана медицина университеті телемедицинаға арналған ZhanCare.AI платформасын іске қосса, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ тіліндегі медиаконтентті автоматты түрде ымдау тіліне аударатын SignBridge AI жүйесін енгізіп, ол бүгінде «Jibek Joly» телеарнасында қолданылып келеді.

Жасанды интеллект туризм, қаржы және цифрлық қауіпсіздік салаларында да кеңінен пайдаланылуда. Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті туристік қызметтерді автоматтандыратын TrustTravel платформасын іске асырса, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті фишингтік шабуылдардан қорғауға арналған PhishGuard AI жүйесін әзірлеуде. Ал Narxoz University трансшекаралық төлемдерге арналған ITEQ жобасын жүзеге асырып жатыр.

Сонымен қатар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Astana Hub-пен бірлесіп AI Startify Incubator платформасын, ал Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті өтініштерді автоматты өңдеуге арналған Ushqyn AI платформасын дамытуда.

Министрлік AI-Sana бағдарламасы еліміздің барлық өңірінде жасанды интеллект бойынша кадр даярлау, ғылыми зерттеулер жүргізу және озық технологияларды экономиканың түрлі саласына енгізудің бірыңғай экожүйесін қалыптастырып жатқанын атап өтті. Бағдарлама Қазақстанның цифрлық дамуы мен білім мен ғылымды жаңғыртуға бағытталған стратегиялық бастамалардың бірі саналады.

Бұған дейін қазақстандық студенттер 440-тан астам ЖИ-жоба әзірлегенін жазғанбыз.