Референдум-2026

АЭС қауіпсіздігі: бүгінгі технологиялар кешегі түсінікті өзгертті

АЭС қауіпсіздігі: бүгінгі технологиялар кешегі түсінікті өзгертті
Фото: жасанды интеллект

Атом электр станциясы туралы сөз қозғалғанда, көпшіліктің ойына ең алдымен қауіпсіздік мәселесі келеді. Чернобыль мен «Фукусима-1» апаттары қоғам санасында атом энергетикасына қатысты алаңдаушылық қалыптастырғаны рас. Алайда сол апаттардан кейін әлемдік атом өнеркәсібі түбегейлі өзгерді. Реакторларды жобалау тәсілі қайта қаралып, қауіпсіздік талаптары күшейтілді, ал жаңа технологиялар тәуекелдерді барынша азайтуға бағытталды. Соның нәтижесінде бүгінгі III және III+ буындағы атом электр станциялары өткен ғасырда салынған нысандармен салыстыруға келмейтін деңгейге жетті. Мамандардың айтуынша, қазіргі АЭС-тердің басты артықшылығы – кез келген ықтимал қауіптің алдын алуға және төтенше жағдай туындағанның өзінде, оның салдарын барынша шектеуге мүмкіндік беретін көпдеңгейлі қорғаныс жүйелерінде, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) мәліметінше, атом электр станциялары бүгінде әлемдегі ең қауіпсіз әрі сенімді энергетикалық инфрақұрылымдардың бірі саналады. Бұл кездейсоқ қалыптасқан көрсеткіш емес. Ядролық реакторлар технологиясы бірнеше онжылдық бойы үздіксіз жетілдіріліп келеді. Әрбір жаңа буын алдыңғы жобалардың тәжірибесін ескеріп, қауіпсіздік жүйелерін күшейту арқылы әзірленеді. Соның арқасында қазіргі реакторлар тиімділігімен қатар, сенімділігімен де ерекшеленеді.

«III және III+ буындағы реакторларда белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелері қатар қолданылады. Олар апаттың алдын алуға ғана емес, тіпті оның орын алу ықтималдығы өте төмен жағдайдың өзінде, салдарын барынша шектеуге бағытталған. Белсенді жүйелер реакторды апаттық тоқтату, белсенді аймақты салқындату және резервтік электрмен жабдықтау сияқты функцияларды орындайды. Ал пассивті жүйелер оператордың араласуын немесе сыртқы электр қуатын қажет етпейді. Олар табиғи физикалық процестердің әсерімен автоматты түрде іске қосылады», – дейді «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС-нің бас директоры Ернат Бердіғұлов.

Сарапшының айтуынша, дәл осы пассивті қауіпсіздік жүйелері заманауи реакторлардың басты ерекшеліктерінің бірі саналады. Мысалы, реакторда қандай да бір төтенше жағдай туындаса, балқыма ұстағыш құрылғы, герметикалық қорғаныс қабығы және жылуды табиғи жолмен әкететін жүйелер автоматты түрде іске қосылып, ықтимал салдардың қоршаған ортаға таралуына жол бермейді. Яғни қауіпсіздік адамның әрекетіне ғана емес, табиғи физикалық заңдарға негізделген инженерлік шешімдер арқылы да қамтамасыз етіледі.

Бүгінде атом электр станцияларындағы қауіпсіздік механикалық жүйелермен ғана шектелмейді. Цифрлық технологиялардың дамуы бұл салаға да үлкен өзгеріс әкелді. Қазіргі АЭС-терде мыңдаған техникалық параметрді тәулік бойы бақылайтын интеллектуалды басқару жүйелері қолданылады. Олар кез келген ауытқуды нақты уақыт режимінде анықтап, қажет болған жағдайда автоматты түрде әрекет етеді. Мұндай технологиялар адам факторынан туындайтын тәуекелдерді азайтып, станция жұмысының сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Заманауи АЭС-тер халықаралық қауіпсіздік талаптарының ең қатаң стандарттарына сәйкес жобаланады. Тіпті жекелеген жүйелер істен шыққан немесе сыртқы төтенше жағдайлар туындаған кезде де, реактор қауіпсіз күйін сақтай алады. Қазіргі энергоблоктар күшті жер сілкінісіне, дауылға, су тасқынына, сондай-ақ толық жанармаймен ұшып келе жатқан ірі жолаушылар ұшағының құлауына дейін төтеп бере алатындай етіп жобаланады», – дейді Ернат Бердіғұлов.

Оның айтуынша, мұндай тәсіл халықаралық атом саласында «терең эшелонды қорғаныс» қағидаты деп аталады. Бұл қағидат бойынша қауіпсіздік бір ғана жүйеге емес, бір-бірін толықтыратын бірнеше тәуелсіз қорғаныс деңгейіне негізделеді. Егер олардың бірінде ақау пайда болса, қалғандары автоматты түрде іске қосылып, реактордың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Дәл осы терең эшелонды қорғаныс қағидатының арқасында заманауи АЭС-терде ауыр апаттың орын алу ықтималдығы өте төмен. Тіпті пайдалану мерзімінің 10 миллион жылына бір жағдайдан да аз.

Бүгінгі атом энергетикасының қауіпсіздік стандарттары бір күнде қалыптасқан жоқ. Олар ондаған жыл бойы жинақталған тәжірибе мен әлемдегі ірі атом апаттарынан шығарылған қорытындылар негізінде жетілдірілді.

Қазақстандағы болашақ атом электр станциясы да халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып жобаланбақ. Заманауи инженерлік шешімдер, көпдеңгейлі қорғаныс жүйелері, цифрлық бақылау технологиялары және халықаралық ұйымдар талаптарын үйлестірудің арқасында, атом энергетикасы елдің энергетикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететін қауіпсіз әрі сенімді инфрақұрылымның біріне айнала алады.