АЭС қауіпсіздігі: пайдаланылған отын қалай сақталады және станцияны кім бақылайды?

АЭС қауіпсіздігі: пайдаланылған отын қалай сақталады және станцияны кім бақылайды?
Фото: жасанды интеллект

АЭС туралы сөз болғанда қоғамды толғандыратын негізгі мәселелердің бірі пайдаланылған ядролық отын мен радиоактивті қалдықтардың жайы. Сонымен қатар станция іске қосылғаннан кейін оның қауіпсіздігін кім бақылайтыны да маңызды сұрақ. Әлемдік тәжірибеде бұл бағытта бірнеше жүйе қалыптасқан, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Пайдаланылған ядролық отынды басқарудың екі негізгі тәсілі бар. Біріншісі – ашық ядролық цикл. Бұл жағдайда отын қайта өңделмей, алдымен арнайы бассейндерде бірнеше жыл салқындатылады. Кейін құрғақ контейнерлерге салынып, ұзақ мерзімді сақтау үшін арнайы қоймаларға орналастырылады. Финляндиядағы «Онкало» жерасты қоймасы осы тәсілдің белгілі мысалы саналады.

Екіншісі – тұйық ядролық цикл. Мұнда пайдаланылған отын толықтай қалдық ретінде қарастырылмайды. Оның құрамындағы уран мен плутоний қайта өңделіп, жаңа ядролық отын өндіруге пайдаланылуы мүмкін. Франция, Ресей және Жапония сияқты елдер осы технологияны қолданады.

Қазақстан үшін де пайдаланылған отынды бірден түпкілікті шешімге жіберу міндетті емес. Алғашқы кезеңде оны АЭС аумағындағы арнайы бассейндерде сақтау, кейін құрғақ контейнерлерге көшіру қарастырылады.

«Болашақ АЭС-тен шығатын пайдаланылған отын алғашқы бес-он жыл ішінде станцияның ішіндегі арнайы сумен суыту бассейндерінде сақталады. Одан кейін ол герметикалық, кез келген соққы мен қысымға төтеп беретін алып құрғақ контейнерлерге салынып, станция маңындағы арнайы уақытша қоймаға көшіріледі», – дейді Еуразия ұлттық университеті Ядролық физика, жаңа материалдар және технологиялар кафедрасының аға оқытушысы, PhD доктор Ержан Төлеков.

Мұндай тәсіл Қазақстанға пайдаланылған отынды түпкілікті басқару жолын таңдауға уақыт береді. Ал радиоактивті қалдықтарды сақтау бойынша еліміздің тәжірибесі бар. Қазақстанда мамандандырылған сақтау нысандары жұмыс істейді, ал Үлбі металлургиялық зауыты ядролық отын компоненттері мен АЭС-ке арналған жылу бөлгіш құрастырмаларды өндіреді.

АЭС қауіпсіздігі бір ғана мекемеге жүктелмейді. Ол бірнеше деңгейден тұратын бақылау жүйесі арқылы қамтамасыз етіледі.

Бірінші деңгей – станцияның өзіндегі бақылау. Инженерлер мен операторлар реактордың жұмысын тәулік бойы қадағалайды. Мыңдаған датчик температура, қысым, радиациялық фон және басқа да көрсеткіштерді үздіксіз өлшейді. Қауіпсіздік параметрлері өзгерген жағдайда автоматты қорғаныс жүйелері іске қосылады.

Екінші деңгей – мемлекеттік бақылау. Станция қызметін тәуелсіз ұлттық реттеуші орган тексереді. Инспекторлар жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізіп, қауіпсіздік талаптарының орындалуын бақылайды.

Үшінші деңгей – халықаралық бақылау. Мұнда Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік – МАГАТЭ маңызды рөл атқарады. Агенттік сараптамалық миссиялар өткізіп, ядролық қауіпсіздік стандарттарының сақталуын бағалайды. Ал WANO ұйымы АЭС жұмысына халықаралық сарапшылардың әріптестік бағалауын жүргізіп, әлемдік озық тәжірибемен салыстырады.

«Атом электр станциясының қауіпсіздігін станция ішіндегі автоматика, ұлттық мемлекеттік қадағалау органы және тәуелсіз халықаралық ұйымдар бір мезгілде, параллельді түрде бақылайды. Бұл жүйе қауіпсіздіктің үш деңгейлі сүзгісі іспетті жұмыс істейді», – дейді сарапшы маман, PhD доктор Ержан Төлеков.

АЭС төңірегіндегі пікірталаста радиация мәселесі де жиі көтеріледі. Қоғамда «радиацияның кез келген мөлшері міндетті түрде қауіпті болады» деген түсінік кездеседі. Алайда мамандар радиациялық қауіп нақты сәулелену дозасы арқылы бағаланатынын айтады.

Адам табиғи радиациялық фон жағдайында өмір сүреді. Радиация ғарыштан, жер қойнауынан, құрылыс материалдарынан, тағамнан және адам ағзасының өзінен де таралады. Сондықтан радиацияның болуы мен оның қауіпті деңгейге жетуі – екі түрлі мәселе.

АЭС пен ядролық қаруды да бір технология ретінде қарастыру дұрыс емес. Ядролық қарудың мақсаты энергияны бір сәтте босату болса, реакторда ядролық энергия басқарылатын түрде электр энергиясын өндіруге пайдаланылады.

Сондықтан атом энергетикасына қатысты пікір ғылыми дерекке сүйенуі керек. Қоғамның АЭС-ке қатысты өз көзқарасы болуы заңды. Бірақ мұндай таңдау қауесетке немесе әлеуметтік желідегі эмоциялық пікірлерге емес, тәуелсіз зерттеулерге, халықаралық тәжірибеге және нақты қауіпсіздік көрсеткіштеріне негізделгені маңызды.