QARMET-ке 1,5 млрд теңге шығын келтірді: Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері сотталды
Қарағанды облысы прокуратурасы мемлекеттік айыптаушыларының қатысуымен «QARMET» АҚ-ға 1,5 млрд теңгеден астам залал келтірген ұйымдасқан қылмыстық топтың 13 қатысушысы сотталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
10 тамызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 13 сотталушыны қаражат жымқыруға және ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысуға байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Соттың анықтауынша, қылмыстық схема 2021 жылғы қаңтардан 2023 жылғы желтоқсанға дейін қолданылған.
«Сотталушы А. басшылық еткен топ мүшелері теміржол вагондарымен кәсіпорынға сапалы металл сынықтарының едәуір бөлігін шлак, құм, қиыршық тас, топырақ және басқа да металл емес қоспалар құраған қалдықтарды жеткізуді ұйымдастырған. Схемаға қатысушылар рөлдерді алдын ала өзара бөлген. Біреулері вагондардың кәсіпорын аумағына кедергісіз өтуін және олардағы жүкті жедел түсіруді қамтамасыз етсе, біреулері металл сынықтарындағы қоқыс көрсеткіштерін жасанды түрде төмендетуге ықпал еткен», делінген хабарламада.
Осы әрекеттердің нәтижесінде «QARMET» АҚ-ға 1,5 млрд теңге залал келтірілген.
Қарағанды облысы прокуратурасының мемлекеттік айыптаушылары дәлелді жан-жақты және объективті зерделеп шықты. Алайда жасалған қылмыстың салдары қылмыстық жауаптылықпен ғана шектелген жоқ. Мемлекеттік айыптау тарапының ұстанымына сәйкес сот қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған мүлікті мемлекет кірісіне алу туралы шешім қабылдады. Тәркіленген мүліктің қатарында көліктер, жылжымайтын мүлік және сотталғандардың банк шотындағы ақша да бар. Мемлекет кірісіне айналдырылған мүліктің жалпы құны шамамен 1 млрд теңге болды.
Сот «QARMET» АҚ-ның талаптарын қанағаттандырды. Сотталғандардан келтірілген залалды өтеу есебіне ортақ тәртіппен 803 млн теңге өндірілді.
Қазіргі уақытта үкім заңды күшіне енген жоқ.