Астаналық футболшылар ел біріншілігінде бес жас санатында чемпион атанды

Бүгін, 12:31
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астаналық футболшылар ел біріншілігінде бес жас санатында чемпион атанды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Шымкент қаласында 2010 жылы туған жасөспірімдер арасында футболдан Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті. Ел біріншілігінде астаналық жас футболшылар жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстан чемпионы атанды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Республикалық додаға Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің бірқатар облыстарының командалары қатысты.

Чемпиондық атақ сарапқа салынған шешуші кездесуде елордалық команда Түркістан облысының құрамасын 1:0 есебімен жеңіп, алтын жүлдені иеленді.

Турнир қорытындысы бойынша елордалық футболшылар жекелей марапаттарға да ие болды. Жасұлан Жалбинов «Үздік ойыншы», Әлихан Азанбай «Үздік қорғаушы» атанды.

Айта кетейік, аталған спорт мектебінің тәрбиеленушілері бұған дейін де ел біріншіліктерінде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Бұл жеңіс Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты №8 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебі үшін биылғы маусымның айтулы жетістіктерінің бірі болды.
Мектеп тарихында алғаш рет бір маусымда бес жас санатындағы команда – 2010, 2011, 2012, 2013 және 2014 жылы туған жасөспірімдер Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. Осылайша, елордалық жас футболшылар маусымды бес бірдей чемпиондық атақпен қорытындылады.

Жаттықтырушылардың айтуынша, бес жас санатындағы команданың бір маусымда қатарынан ел чемпионы атануы – жүйелі дайындықтың, бапкерлер мен спортшылардың бірлескен еңбегінің нәтижесі. Бұл жетістік елордада жас футболшыларды даярлау бағытында атқарылып жатқан жұмыстың нәтижелі екенін көрсетеді.

Сонымен қатар 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер командасы Қазақстан Республикасының чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, күміс жүлдеге ие болды.

Еске сала кетейік, бұған дейін елордалық спортшылар IV Спартакиадада қола жүлдегер атанды.