АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан күрестен 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатында грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы екі алтын медаль жеңіп алды. Осы орайда Elordainfo.kz тілшісі 60 келі салмақ дәрежесінде топ жарған елордалық балуан Айбек Айтбековпен байланысып, жаһандық додадағы жеңісі туралы сұхбаттасты.
- Әлем чемпионы атағыңыз құтты болсын! Сіз грек-рим күресінен U23 санатында әлем чемпионы атанған Қазақстан тарихындағы екінші балуан атандыңыз. Бұл жетістікке жеткен сәтте қандай сезімде болдыңыз?
- Әлем чемпионы атанған сәттегі қуанышымды сөзбен жеткізу қиын. Мен үшін өте ерекше сәт. Осы жарысқа ұзақ уақыт дайындалдық. Көп еңбек еттік. Алдымен Алматы облысындағы Таусамалда оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Одан кейін Алматы қаласында дайындықты жалғастырдық. Ал соңғы оқу-жаттығу жиыны Америка Құрама Штаттарында өтті. Осы кезеңдердің барлығында жарысқа барынша дайын болуға күш салдық. Сол еңбегіміздің нәтижесін көргеніме қуаныштымын. Елімнің намысын қорғап, әлем чемпионы атану мен үшін үлкен мәртебе. Осы жетістікке жетуіме үлес қосқан бапкерлеріме, жақындарыма және қолдау білдірген барша қазақстандықтарға алғыс айтамын.
- Өзіңіз өнер көрсеткен 60 келіде кіл мықтылармен белдесіп шықтыңыз ғой. Сіз үшін қай белдесу ерекше болды деп санайсыз?
- Әлем чемпионатына әр елдің ең мықты спортшылары келеді. Сондықтан қарсыластарымның ешқайсысын осал деп айта алмаймын. Барлығы да бұл жарысқа үлкен дайындықпен келген. Әр балуанның өзіндік күрес мәнері мен ерекшелігі бар. Сол себепті әр белдесу өзінше қиын өтті. Барлық қарсыласыма бірдей жауапкершілікпен қарап, әр кездесуде жеңіске жетуге тырыстым. Өздеріңіз көргендей, жаһандық додада 5 белдесу өткіздім. Алғашқы айналымда U23 санатында Еуропа чемпионатының финалисі Гиорги Кочалидзені (Грузия), 1/8 финалда U23 санатында 2 дүркін Еуропа чемпионы, 2025 жылғы U23 әлем чемпионатының финалисі Алибек Амировтан (Ресей), ширек финалда Сейма Токухарадан (Жапония), жартылай финалда U17 санатында әлем және Еуропа чемпионы Евгений Поковбадан (Украина) және финалда былтырғы U23 санатындағы әлем чемпионатында 55 келіде топ жарған Елмир Алиевтен (Әзербайжан) басым түстім.
- Мамыр айында Азия чемпионы атандыңыз. Әлем чемпионатына фавориттердің бірі ретінде бардыңыз ба? Өз жеңісіңізге қаншалықты сенімді болдыңыз?
- Нақты айта алмаймын. Бірақ АҚШ-қа әлем чемпионы атану мақсатымен бардым. Әр белдесуге ерекше мән бердім. Себебі қағаз жүзінде фаворит болғаныңмен, кілем үстінде мықты екеніңді дәлелдеуге тиіссің. Әр белдесуде күтпеген жағдайлар болуы мүмкін.
- Қазақстанда 60 келі салмақ дәрежесінде бәсекелестік жоғары. Ересектер арасында әлем чемпионы атанған Айдос Сұлтанғали да осы салмақта өнер көрсетеді. Сіздің ойыңызша, бұл салмақтағы балуандарымыздың деңгейі неге жоғары?
- Қазақстан чемпионаты мен Қазақстан кубогында Айдос Сұлтанғали ағамыз және басқа да мықты балуандармен үнемі белдесіп жүреміз. Осындай бәсекелестіктің арқасында деңгейіміз өсіп келеді. Бапкерлеріміз де әрдайым жанымыздан табылып, ақыл-кеңесін аямайды.
- 2026 жылы күрес үшін басты жарыстар ретінде Азия ойындары мен Астанадағы әлем чемпионаты саналады ғой. Өзіңіз жоғарыдағы қос жарысқа баруға таласып па едіңіз?
- Жоқ, таластым деп айта алмаймын. Бапкерлік штабтың шешімі бойынша, мен әуеліден U23 санатындағы әлем чемпионатына дайындалдым. Маған артылған сенімді ақтағаныма өте қуаныштымын.