Бізге нақты өзгеріс жасай білетін азаматтар қажет – Мемлекет басшысы

Бізге нақты өзгеріс жасай білетін азаматтар қажет – Мемлекет басшысы
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы жаңа құрамдағы депутаттарды Қазақстанды дамыту жолында жинақтаған тәжірибесін ел игілігіне жұмсауға шақырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бізге жауапкершіліктен қашпайтын, батыл, белсенді, білімді басшылар, нақты өзгеріс жасай білетін азаматтар қажет. Келер ұрпақ кейбір кемшілігімізге түсіністікпен қарайтын да шығар. Себебі жұмыс қателіксіз болмайды. Бірақ біз реформаларды аяғына дейін жеткізбей, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы тарихи мүмкіндікті мүлт жіберсек, олар бізді ешқашан кешірмейді. Қазіргідей көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан заманда бейқам, жасық әрі жауапсыз болсақ, тығырыққа тап боламыз. Еліміздің ертеңі әрбір депутаттың ынта-ықыласына, қажыр-қайратына және отаншылдығына байланысты екені сөзсіз», – деді Мемлекет басшысы.

Президент жаңа депутаттардың кәсіби тәжірибесіне тоқталып, оны елдің дамуына бағыттау маңызды екенін атап өтті.

«Сіздер – түрлі қызметте табысқа жетіп, мол тәжірибе жинаған білікті мамансыздар. Өздеріңізді жауапты, жұртқа жанашыр, бастамашыл азамат ретінде танытып келесіздер. Енді осы тәжірибені ел игілігіне жаратып, Қазақстанды дамыту үшін табанды еңбек етесіздер деп сенемін», – деді Қ.Тоқаев.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайға аса ауқымды құзырет берілгенін айтты.