Президенттің бүгінгі сөзінде еліміздің дамуындағы жаңа кезеңнің негізгі бағыттары айқындалды - жас ғалым
Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуындағы айтқан Президенттің сөзінде еліміздің дамуындағы жаңа кезеңнің негізгі бағыттары айқындалды. Жас ғалым, қоғам белсендісі Үкібай Нұрпейісов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жас ғалымның пайымдауынша, Президенттің бүгінгі сөзінің басты мәні жаңа Конституция негізінде мемлекеттің құқықтық және институционалдық жүйесін жетілдірумен қатар, елдің ұзақ мерзімді дамуына қажетті нақты міндеттерді белгілеуінде жатыр.
«Жасанды интеллект, цифрландыру, цифрлық активтер индустриясы, инвестиция тарту, білікті мамандарды көбейту және көші қон саясатын жетілдіру сияқты бағыттардың алға шығуы заман талабына сай қадам. Әсіресе технология мен адами капиталды дамытуға басымдық берілуі Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін маңызды.
Алайда кез келген реформаның нәтижесі оның қаншалықты сапалы қабылданғанымен ғана емес, іс жүзінде қалай жүзеге асатынымен өлшенеді. Сондықтан жаңа заңнамалық өзгерістермен қатар, олардың орындалуын қамтамасыз ететін тиімді мемлекеттік басқару мен жауапкершілік тетіктері де қатар қалыптасуы қажет», - деді ол.
Үкібай Нұрпейісовтің ойынша, жаңа кезеңнің негізгі міндеті реформаларды жүйелі түрде жалғастырып, олардың нақты экономикалық және әлеуметтік нәтижесін қамтамасыз ету.
«Конституция мен заңдар ел дамуына берік негіз болуы тиіс. Ал сол негізді нақты нәтижеге айналдыру мемлекеттік институттармен қатар бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Президент атап өткендей, елдің болашағы үшін ең маңызды құндылықтардың бірі бірлік. Бір мақсатқа жұмылған, өзгерістерге дайын және білім мен технологияға сүйенген қоғам ғана Қазақстанның жаңа даму кезеңіне сенімді қадам жасай аладыт», - деді қоғам белсендісі.