Саясаттанушы: Құрылтай – реформалардан кейінгі жаңа саяси жүйенің бастауы
Құрылтайдың алғашқы жиынын жаңа саяси жүйенің басталуы ретінде қабылдауға болады. Президенттің сөздерінен байқалған негізгі идея – енді реформалардың өзі емес, олардың нәтижесі маңызды. Халық үшін де мәселенің мәні осында. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті аға оқытушысы Жанат Момынқұлов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрылтайдың алғашқы сессиясында көтерген мәселелерге қатысты осылай пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Сарапшы Құрылтайдың алғашқы жиынын жаңа саяси жүйенің басталуы ретінде қабылдауға болатынын айтып, бұл жаңа Конституциядан кейін қалыптасатын саяси режимнің нақты іске қосылған сәті екеніне назар аударды.
«Президенттің сөздерінен байқалған негізгі идея – енді реформалардың өзі емес, олардың нәтижесі маңызды. Халық үшін де мәселенің мәні осында.
Тоқаевтың «Құрылтайда бос уәде мен популизмге орын жоқ» деген сөзі жаңа депутаттарға қойылатын басты талапты аңғартады. Яғни жаңа институт халықтың көңіл-күйін білдіретін кезекті мінбер емес, нақты шешім қабылдайтын және сол шешім үшін жауап беретін кәсіби саяси орган болуы тиіс.
Бұл тұрғыда басым саяси күш – «Әділет» партиясының жауапкершілігі ерекше. Құрылтай төрағалығына Айбек Дәдебайдың ұсынылуы да назар аударуға тұрарлық. Оның бұған дейін Президент Әкімшілігін басқаруы оны атқарушы билік пен жаңа парламент арасындағы байланысты қамтамасыз ететін маңызды тұлға ретінде көрсетеді.
Меніңше, бұл таңдаудың астарында саяси сабақтастықты, басқарушылық тәртіпті және билік бағытының тұрақтылығын сақтау мақсаты жатыр. Жаңа Құрылтайдың алғашқы кезеңінде Президенттің саяси бағытын жақсы білетін, мемлекеттік басқару жүйесінен шыққан тұлғаның болуы билік үшін маңызды», - деді ол.
Сонымен бірге саясаттанушы Президенттің «Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналады» деген сөзі және Ұлттық қор қаржысына қатысты мәлімдемелері саяси реформалардың енді экономикалық нәтижемен өлшенетінін көрсететінін айтты.
«Ал «халықтың қасіреті ұлттық бірегейліктің негізі болмауы тиіс» деген ой қоғамның тарихи жарақатқа байланып қалмай, болашаққа бағытталған сана қалыптастыру қажеттігін білдіретін идеологиялық белгі сияқты. Сондықтан бүгінгі Құрылтайдың басты мәні – Қазақстанның саяси реформалар кезеңінен сол реформалардың нәтижесін іспен дәлелдеу кезеңіне өтуі.
Реформалар болды. Уәделер айтылды. Енді олардың нақты нәтижесін көрсету қажет.
Бірақ ең маңызды сұрақтар әлі алда:
Құрылтай қаншалықты дербес әрі тиімді жұмыс істей алады?
«Әділет» партиясы өзінің басымдығын жауапты әрі салмақты саяси күшке айналдыра ала ма?
Жаңа билік жүйесі халықтың күнделікті өміріне нақты оң өзгеріс әкеле ала ма?
Бірінші Құрылтай осы сұрақтарға жауап беретін тарихи сынақ болмақ», - деген пікірін білдірді Ж.Момынқұлов.