Экономикалық реформалар мен Ұлттық қор қаржысы елдің ұзақмерзімді дамуына бағытталады

Бүгін, 11:23
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Экономикалық реформалар мен Ұлттық қор қаржысы елдің ұзақмерзімді дамуына бағытталады
Фото: Ақорда

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

«Экономикада іргелі реформалар қолға алынды. Азаматтардың әл-ауқатын арттыру басты міндет ретінде белгіленді.
 
Индустрияландыру қарқын алып, экономиканың жаңа өндірістік негізі айқындалып келеді.
 
Мемлекет және шетелдік инвесторлар құйған қомақты қаржының нәтижесінде барлық өңірде жаңа өндіріс нысандары мен мыңдаған жұмыс орны ашылып жатыр.
 
Қазақстанда халық тұрмысы мен экономикалық өсім үшін аса қажетті коммуналдық, көлік, энергетика және су инфрақұрылымдарын жаңғырту үдерісі басталды.
 
Сіздер, депутаттар, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары кезінде ел ішін аралап, Қазақстанның бірте-бірте алып құрылыс алаңына айналып келе жатқанына куә болдыңыздар. Алайда үлкен құрылысқа қомақты инвестиция қажет. Мемлекет те бұдан тыс қалмауға тиіс», - деді Президент.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ұзақмерзімді пайдасы бар стратегиялық маңызды жобалардан қаржыландыру, соның ішінде Ұлттық қордан қаржы бөлу жоспарланып отырғанын айтты.
 

«Қаражат оңды-солды, мақсатсыз жұмсалмайды. Мұндай қауесетті еш нәрседен хабарсыз, ниеті теріс адамдар таратады.
 
Кез келген қордың, әсіресе, Ұлттық қордың тиімділігі, ең алдымен, келер ұрпақтың игілігі жолындағы зор табысқа, нақты нәтижеге қол жеткізумен өлшенеді.
 
Ұлттық қордың пайдасын балаларымыз көріп отыр. Олардың есепшотына қомақты қаражат аударылып жатыр (Жақында ұстаздар алдында сөйлеген сөзімде оның мөлшерін айттым). Келешекте өскелең ұрпаққа қызмет ететін заманауи, сапалы инфрақұрылымды дамытуымыз керек.
 
Басқаша айтқанда, еліміздің алдағы ондаған жылдар, тіпті ғасырлар бойы дамуына берік негіз қаланады. Мемлекетіміздің іргесі де осы игі істердің арқасында беки түседі. Бұл мәселеге Қазақстан халқына арнаған Жолдауымда кеңірек тоқталамын», - деді ол.