«Жасыл дәліз»: обырға күдігі бар пациенттердің ахуалы цифрлық жүйемен бақыланады
Денсаулық сақтау министрлігі онкологиялық көмекті ұйымдастырудың жаңартылған стандартын енгізуде. Ол «жасыл дәліз» қағидаты бойынша пациенттің маршрутын цифрлық бақылауды көздейді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа тәсілдер диагностикадан өту, тексерілу және емдеуді бастау мерзімдерінің сақталуын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Бұл онкологиялық ауруға күдігі бар пациенттерге медициналық көмектің уақтылы көрсетілуін қамтамасыз етеді.
Өзгерістердің негізгі мақсаты – пациенттердің медициналық көмек алу тәртібін өзгерту емес, онкологиялық қызметтің тиімділігін арттыру, медициналық көмектің барлық кезеңінде сапаны бақылауды күшейту, маршруттау мерзімдерінің сақталуын қамтамасыз ету және диагностика мен емдеудің заманауи әдістерін күнделікті клиникалық тәжірибеге енгізу.
Негізгі жаңашылдықтардың бірі – пациенттің «жасыл дәліз» бойынша алғашқы онкологиялық күдіктен бастап диагноз қоюға, қажетті зерттеулерден өтуге, емдеу тактикасын айқындауға және мамандандырылған терапияны бастауға дейінгі барлық кезеңін цифрлық мониторинг арқылы бақылау болады. Бұл медициналық ұйымдарға ықтимал кідірістерді дер кезінде анықтауға, жедел басқарушылық шешімдер қабылдауға және медициналық көмекті көрсету мерзімдерінің бұзылу қаупін барынша азайтуға мүмкіндік береді.
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты (ҚазОРҒЗИ) Басқармасының төрағасы, Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас онкологы Ербол Бекмұхамбетовтің айтуынша, жаңартылған стандартты енгізу онкологиялық көмектің сапасын арттырудағы маңызды қадам болмақ.
«Пациент маршрутын цифрландыру медициналық көмектің әр кезеңінің ашықтығын қамтамасыз етуге, тексеру мен емдеу мерзімдерінің бұзылу жағдайларын уақтылы анықтауға, сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде пациенттер қажетті медициналық көмекті жеделірек алады, ал денсаулық сақтау жүйесі онкологиялық қызметтің сапасын тиімдірек басқара алады», – деді Ербол Бекмұхамбетов.
Диагностика, емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, сәулелік терапия, хирургиялық көмек, оңалту және диспансерлік бақылаудың барлық түрлері бұрынғыдай мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек шеңберінде тегін көрсетіледі.