7 млн теңге алимент төлемеген атыраулықтың бостандығы шектелді
Атырауда өз баласына ұзақ уақыт бойы алимент төлеуден жалтарған азаматқа қатысты сот үкімі заңды күшіне енді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сот шешімімен ер адам 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сонымен қатар оған 7 миллион теңгеден астам алимент берешегін өтеу міндеттелді.
Қазіргі уақытта сотталған азамат Атырау қалалық пробация қызметінің есебіне алынып, сот жүктеген міндеттердің орындалуы бақылауға алынған.
Пробация қызметкерлері онымен профилактикалық әңгіме өткізіп, заң талаптарын сақтау, алимент бойынша берешекті өтеу және қайта құқық бұзушылыққа жол бермеу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
ІІМ мәліметінше, алимент төлеу – ата-ананың заңмен бекітілген міндеті ғана емес, баласы алдындағы адамгершілік жауапкершілігі. Алименттен жалтару әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеліп қана қоймай, ең алдымен баланың құқықтары мен әл-ауқатына кері әсерін тигізеді.
Ведомствоның атап өтуінше, пробация қызметі сотталған азаматтардың қоғамнан оқшауланбай түзелуіне, заң талаптарын орындауына және әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді.
Бұған дейін Астанада алимент бойынша берешегі бар азаматтарға бос жұмыс орындары ұсынылғанын жазған болатынбыз.