Жазғы демалыста бала қауіпсіздігі: әр ата-ана білуі тиіс ережелер
Жазғы демалыс кезінде балалардың көп уақытын үйде, аулада және су айдындарының маңында өткізуі түрлі қауіптің туындау қаупін арттырады. Сондықтан ата-аналар балаларды қараусыз қалдырмай, қауіпсіздік талаптарын сақтап, төтенше жағдайда хабарласатын қызметтердің нөмірлерін білуі маңызды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Төтенше жағдайда хабарласатын нөмірлер:
– 101 – Өрт сөндіру және құтқару қызметі.
– 102 – полиция.
– 103 – жедел медициналық жәрдем.
– 104 – Апаттық газ қызметі.
– 109 – iKOMEK қалалық байланыс орталығы (қауіпті инфрақұрылым, коммуналдық мәселелер, балалар алаңындағы ақаулар және т.б.).
– 111 – отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығы.
– 112 – бірыңғай құтқару қызметі. Бала терезеде қауіпті жағдайда қалса, суға кету қаупі туса немесе басқа да төтенше оқиға болса, осы нөмірге хабарласыңыз.
– 150 – Балалар мен жастарға психологиялық қолдау көрсететін сенім телефоны.
Терезе қауіпсіздігі
Жаз мезгілінде балалардың терезеден құлау деректері жиілейді. Мамандар: масаға қарсы торға сенбеуге, себебі ол баланың салмағын көтермейтінін; терезеге арнайы балалар құлпын немесе шектеуіш орнатуға; жиһазды терезе түбіне қоймауға; кішкентай балаларды ашық терезесі немесе балконы бар бөлмеде қараусыз қалдырмауға кеңес береді.
Айта кетейік, Астанада Төтенше жағдайлар департаменті мен аудан әкімдіктері көпбалалы және әлеуметтік осал отбасылардың үйлеріне терезе шектеуіштерін тегін орнату акцияларын тұрақты өткізіп келеді.
Судағы қауіпсіздік
Балаларды су айдындарының жағасында жалғыз қалдырмаңыз. Рұқсат етілмеген жерлерде шомылуға болмайды. Демалыс үшін арнайы жабдықталған жағажайларды таңдап, балалардың қауіпсіздігін үнемі бақылауда ұстаған жөн.
Балаңызға ата-анасының телефон нөмірін жаттатып, қажет болған жағдайда 112 нөміріне хабарласуды үйретіңіз. Төтенше жағдай орын алса, сабыр сақтап, оқиға орнының мекенжайын және жағдайдың мән-жайын нақты хабарлау маңызды.
Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау қайғылы жағдайлардың алдын алып, бала өмірі мен денсаулығын қорғауға көмектеседі.
Бұған дейін елордада терезеден баланың құлауын болдырмауға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылғанын жазған болатынбыз.