Референдум-2026

Threads-те әскердегі зорлық-зомбылық туралы жалған ақпарат таратқан жігіт сотталды

Threads-те әскердегі зорлық-зомбылық туралы жалған ақпарат таратқан жігіт сотталды
Фото: Polisia.kz

Ақша табу үшін Threads желісінде әскердегі зорлық-зомбылық туралы жалған ақпарат таратқан 23 жастағы елорда тұрғынына қатысты сот үкімі шықты сілтеме жасап деп хабарлайды Elordainfo.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Ол  әлеуметтік желіде әдейі жалған ақпарат таратып, заңсыз жолмен ақша жинамақ болған.

Ақпан айында ол анонимді түрде жариялаған жазбасында әскери қызмет кезінде өзіне жыныстық зорлық-зомбылық жасалғанын ойдан шығарып, өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, шетелге кету үшін қаржылай көмек сұраған. Жазбаға ақша аударуға арналған банк реквизиттерін де қоса көрсеткен.

«Әлеуметтік желі пайдаланушысының шағымынан кейін жүргізілген тексеру барысында жарияланған ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтіні анықталды. Сондай-ақ сотталған азаматтың ешқашан әскери қызмет өтемегені белгілі болды. Ақша жинау үшін ол мән-жайды білмейтін 17 жастағы танысының банк шотын пайдаланған. Екі күннің ішінде бұл шотқа 15-тен астам ақша аударымы түскен», делінген хабарламада.

Тергеп-тексеру барысында күдікті жалған ақпаратты тек ақша табу мақсатында жариялағанын мойындады.

Алаяқтық және көрінеу жалған ақпарат тарату фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот шешімімен ол кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Полиция азаматтарға әлеуметтік желілердегі тексерілмеген ақпаратқа сенбеуге және бейтаныс адамдарға ақша аудармауға кеңес береді.

Еске салсақ, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарға жеке деректер мен қаржылық ақпаратты қорғау үшін цифрлық қауіпсіздік қағидаларын ұстану қажеттігін ескертті.