Референдум-2026

Былтыр Қазақстанда 171 мыңнан астам автокөлік шығарылды

Былтыр Қазақстанда 171 мыңнан астам автокөлік шығарылды
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қазақстанда автомобиль жасау саласында жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 10 мың адамнан асады. Бұл туралы Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Соңғы бес жылда салаға 457 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды. Былтыр 171 мыңнан астам автокөлік шығарылып, өндіріс көлемі 18%-ға артты», - деді министр.

Оның айтуынша бұл оң динамика биыл да сақталған. Биыл алты айда 94 400 көлік шығарылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 35%-ға жоғары. Биылғы жоспар – өндіріс көлемін 11%-ға арттырып, 190 мың көлік шығару.

«Саланың одан әрі дамуы инженерлік әлеует пен білікті кадрларға тікелей байланысты. Осы мақсатта кәсіпорындар инженерлік құзыреттерді дамытуға, кадрлық резерв қалыптастыруға және жаңа буын мамандарын даярлауға жүйелі түрде инвестиция салып жатыр. Бұл жұмыс жоғары оқу орындары және колледждермен бірлесіп, дуальды оқыту бағдарламасы арқылы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар өңірлерге мамандарды тарту үшін еңбек жағдайы мен әлеуметтік қолдау күшеюде. Корпоративтік кампустар мен жатақханалар салынып, жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Наурыз жұмыскер» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды», - деді министр.

Сонымен қатар, отандық қамтуды арттыруға баса назар аудара отырып, автокомпоненттер өндірісін дамыту жандандырылды.

Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, бүгінде бұл бағыт қарқынды дамып келеді. Отандық кәсіпорындар шина, қозғалтқыш бөлшектері, аккумулятор, автобусқа арналған металл бөлшектер, орындықтар мен мультимедиялық жүйелер шығаруды игерді.

«Одан бөлек, бампер, электр сымы, дөңгелек дискісі және лак-бояу материалдарын шығаратын жаңа жобалар іске асырылып жатыр. Осы бағытты дамыту үшін машина жасау және көлік мәселелері бойынша заң қабылданып, онда «өнеркәсіптік кластер» ұғымы енгізілді. Қазіргі уақытта ең ірі өнеркәсіптік кластерлер Қостанай, Саран және Алматы қалаларында қалыптасқан», - деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.