Ақтаулық блогерді тұрғындар рұқсатсыз жеке бейнелерін жариялағаны үшін сотқа берді
Ақтаулық блогер Instagram әлеуметтік желісінде видео жариялап, азаматтардың бейнесін пайдалануға қатысты заң талаптарын бұзғаны үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Маңғыстау облысы сотына сілтеме жасап.
Соттың мәліметінше, блогер өз парақшасында қылмыстық іс бойынша жүргізілген тергеу әрекеттерінің бейнежазбасын жариялаған.
Кадрларда аталған іс бойынша жәбірленуші ретінде танылған Ақтау қаласының екі тұрғыны көрсетілген.
Кейін олар сотқа жүгініп, өз бейнесін пайдалануға және таратуға келісім бермегендерін айтып, видеоны өшіруді және келтірілген моральдық зиян үшін өтемақы өндіруді талап еткен.
Ақтау қаласының №2 соты Азаматтық кодекстің 145-бабына сәйкес, азаматтың бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға заңда көзделген ерекше жағдайларды қоспағанда, жол берілмейтінін еске салды. Сот жауапкердің өзін қоғам белсендісі немесе штаттан тыс журналист ретінде таныстыру туралы уәждерін қабылдамады.
Сонымен қатар бейнежазбаның ашық қолжетімділікте жариялануы және оған жазылған жағымсыз пікірлер талапкерлерге моральдық зиян келтірген деген қорытындыға келді.
Сот жарияланымды заңсыз деп танып, блогерді Instagram парақшасынан видеоны өшіруге міндеттеді. Сондай-ақ одан моральдық зиян үшін әр талапкерге 200 мың теңгеден, жалпы 400 мың теңге өтемақы өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енді.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте ақша бопсалаумен айналысқан блогер мен сыбайластары ұсталғаны туралы жаздық.