Студенттерді алаяқтық әрекетке тартқан астаналық азамат анықталды


Ақмола облысының киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы ауқымды жедел іздестіру және тергеу шараларын жүргізу нәтижесінде елорда тұрғынының алаяқтық схеманы ұйымдастырғанын әшкереледі, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Күдікті студент-дропперлерді тартып, олардың атына ашылған банктік шоттар арқылы қомақты қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.
Тергеу барысында белгілі болғандай, Көкшетау қаласының тұрғыны интернет-алаяқтардың құрбанына айналған. 2024 жылдың желтоқсан айында белгісіз біреулер өзін Ұлттық банк қызметкерлері ретінде таныстырып, жәбірленушіні алдап-арбап, түрлі интернет-ресурстар мен ақпараттық жүйелерді пайдалану арқылы оған 5 миллион теңгеден астам соманы өз еркімен аудартқан.
Оқиғаға байланысты жедел тергеу тобы күдіктінің жеке басын анықтады. Ол – Астана қаласының 18 жастағы тұрғыны болып шықты. Тергеу деректеріне сүйенсек, күдікті бас қалада жалдамалы пәтерде отырып, алаяқтық жолмен табылған қаржыны заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру орталықтарын ұйымдастырған. Сонымен қатар ол студенттерді «жалдап», олардың атына банктік шоттар ашқызып, кейін сол шоттар арқылы түскен қаражатты шетелге аударып отырған.
Жедел уәкілдердің айтуынша, күдікті жалғыз әрекет етпеген.
«Қазіргі уақытта оның сыбайласын анықтау және ұстау бағытында кешенді іс-шаралар жалғасуда. Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген хабарламада.



